«Қазақ мектебі түлектерінің құқықтары бұзылмасын» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Астанада отандық бұқаралық ақпарат құралдары дамуының өзекті мәселелері және ақпараттық жұмыстардың басыңқы бағыттары туралы республикалық кеңес болды. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты қызметкерлері, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Кеңес жұмысын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев ашып, жүргізіп отырды. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Тәуелсіз елдің тілшісі - жасампаз істің жаршысы» деген тақырыппен берілген. «Баршаңызға белгілі, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Тәуелсіз Қазақстанның тілшісі жасампаз елдің жаршысы болуы керек», деген сөзі бар. Ал журналистер ақпаратты елге қалай жеткізсе, қарапайым халық оны сол күйінде қабылдайды. Сондықтан, мұндай міндет ақпарат құралдары өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұдан түйінделетін түйін не? Түйін сол, журналистер қауымы елдегі өзекті деген ақпараттар мен жаңалықтарды ұдайы шынайы қалпында, оқиғаның өңін айналдырмай беріп тұрулары тиіс», - депті Б.Майлыбаев жиын барысында.
«Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде депутат Алмас Тұртаев Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың атына сауал жолдап, қазақ мектебін бітіруші түлектердің құқы бұзылып отырғандығы туралы фактіні жария еткен еді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Қазақ мектебі түлектерінің құқықтары бұзылмасын» деген тақырыптағы мақаласында. Халық қалаулысының алға тартқан деректеріне қарағанда, 2011 жылы мектеп бітіргендердің 91 018-і білім беру грантынан үміткер болса, соның 62 912-сі, яғни 73 пайызы қазақ мектебінің түлектері екен. Ал биылғы 117 432 үміткердің 81 027-сі қазақ тілінде білім алғандар болған. Яғни, 69 пайызы. «Бірақ, соған қарамастан, қазақ тілінде мектеп бітірушілердің мемлекеттік білім грантындағы пайыздық үлесі 60 пайыздан аспауда. Жыл сайын осы үрдістің қайталану себебінен қазақ мектебін бітіруші түлектердің құқықтары бұзылуда», дейді депутат.
***
«Бүгінгі жас ұрпақ Тұрарды, Бауыржанды көрген жоқ. Бірақ олар ірі болмысы, дара тұлғасы жөнінен солардың заңды жалғасындай болып, жандарында Шерхан Мұртазаның жүргені үшін де бақытты. Өйткені Шерағаң - өзі «Қызыл жебе» деп үкілеген Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі мен Бауыржан ағасының жүректілігі, тектілігі, оның сыртында қазақы биік өре, кесек мінез қатар дарыған бөлекше бітім иесі», - деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі санындағы «Қызыл жебенің» сынығы - 80-де...» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жазушы өмірінің кейбір тұстары кейіпкері - Тұрардың тағдырымен ұқсас. Әкесі қуғын-сүргіннің құрбаны болған Шерағаң өмір тауқыметін тым ерте тартты. Қабырғасы қатпай жатып, еңбекке араласты. Балалық шағы соғыстың қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келді. Қарымды қаламгер, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның содан күні бүгінге дейін өзінің күллі қажыр-қайратын қазақ баспасөзінің игілігіне жұмсап келе жатқандығына қалың жұртшылық куә.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, отандық трансплантация мәселесі оңтайлы шешімін тауып келеді. Жыл басынан бері 4 бауыр трансплантациясы жасалса, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы жүрек трансплантациясын жасауға дайын. әйтсе де мамандар мен техникалық база сайрап тұрса да, қажетті донор жоқ. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1200-ге жуық науқас бауыр трансплантациясын жасатуды қажет етеді. Яки жылына екі мыңға жуық адамның жүрек, бауыр, бүйрек сияқты ағза мүшелері айықпас дертке шалдығады. Бұл жайныда толығырақ «Ағзаңыздың мүшесін ауыстырасыз ба?» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамына жаңа министр Ерлан Ыдырысовты таныстырды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Елбасы кездесуді ашқаннан кейін бүгінде Сыртқы істер министрлігінің алдында жаңа уақыттың талабына сәйкес жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. «Мен Ержан Қазыхановтың Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы аясында атқарған қызметі үшін оған алғысымды білдіремін. Мұсылман елдерінде қалыптасқан жағдайдың қиындығына қарамастан, біз бұл миссияны жақсы атқардық деп есептеймін. Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігінің басшылығында бұрын жұмыс істеді, сондай-ақ көп жыл Лондонда және Вашингтонда елші болды, осы уақытта мол тәжірибе жинады. Енді сол тәжірибесін халық пен елдің игілігі үшін пайдалану қажет», - деп атап өткен Мемлекет басшысы сондай-ақ сыртқы экономикалық мәселелерді шешуге ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.