Қазақ мектептері мен ЖОО кітапханалары шетелдегі қандастарымыздың жаңа кітаптарымен толығып жатыр - Т. Мамашев

АЛМАТЫ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2012 жылы шетелдегі қазақ-жазушыларының шығармашылығы бойынша Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан 10-нан астам кітап шығару жоспарлануда.

Қазақ мектептері мен ЖОО кітапханалары шетелдегі қандастарымыздың жаңа кітаптарымен толығып жатыр - Т. Мамашев

Ол жайлы қауымдастықтың Төралқа төрағасының 1-орынбасары Талғат Мамашев бүгін Алматыда Байланыс және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шетелдегі қазақ жазушыларының авторлығымен жарық көрген кітаптардың таныстырылымында айтты.

«Дәстүрлі шара аясында биыл «Атажұрт» баспасынан 8 кітап басылып шықты. Олардың ішінде Қытайдағы, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қаламгерлердің прозалық және поэзиялық шығармалары мен моңғолиялық ғалым Хамай Жүкелдің аудармасымен Ананд Амардың «Көшпенділердің қысқа тарихы» деген зерттеу еңбегі бар. Бүгін біз оларды Алматыдағы қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарының кітапханаларына тегін таратамыз», - дейді Талғат Асылұлы. Оның айтуынша, бұл іс-шара біріншіден сырттағы ағайынды елге таныстыру, екіншіден қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарының кітапханаларын қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда бұл еңбектер еліміздің 14 облысы мен Астана мен Алматы қалаларының орталық кітапханаларна және Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей және Моңғолиядағы ұлттық-мәдени орталықтарға таратылды. Алдағы уақытта енді өзге елдердегі қандастардың да қолына тиетін болады.

«Алдағы жылы біз Қытай, Өзбекстан. Ресей және Моңғолиядан бөлек Түркия мен Еуропа елдерінен де авторларды тартамыз ба деп ойымыз бар. Бұған дейін «Моңғолиядағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Өзбекстандағы қазақтар» деген монографиялық 3 ғылыми еңбек шығарғанбыз. Ғылыми орталығымыз бұл жұмысты алдағы уақытта жалғастыра береді. Қазір «Ресейдегі қазақтар» деген жинақ дайындалып жатыр», - деді Талғат Мамашев.