Қазақ мектептерінің беделі мен атақ-абыройын түрік лицейлеріндей асқақтатуға күш салу қажет - Мәжіліс Төрағасы
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақ мектептерінің беделі мен атақ-абыройын түрік лицейлеріндей асқақтатуға күш салу қажет.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тілге қатысты тағы бір назар аударатын жайт - ендігі жерде саны ұлғайған қазақ мектептерінің беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі. Рас, қазақ мектептерінің әртүрлі жарыстарда алып жүрген орындарына, басқа да көрсеткіштеріне қарағанда, өзге мектептерден кем емес сияқты. Ал байыбына барып қарайтын болсаңыздар, бұл көрсеткіштер негізінен жекелеген қабілетті балалардың үлесіне тиіп жүргенін көреміз. Құдайға шүкір, қазақтың дарынды балалары аз емес. Бірақ, менің айтпағым - қазақ мектептерінің жалпы деңгейін көтеру. Жасыратыны жоқ, баласын қазақ мектебіне намысқа тырысып беріп жататын жағдайлар да аз емес. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Қазақ мектептерінің беделі мен атақ-абыройы біздегі түрік лицейлеріндей асқақтап тұрса, қазақ қана емес басқа ұлт та баласын қазақ мектебіне беруге ынталы болар еді. Қазақ мектептерінің қажетіне баса көңіл бөлініп отырған дәл қазіргідей кезеңде олардың деңгейін мейлінше көтеру - осы салада қызмет етіп жүрген барша азаматтарымыздың қастерлі міндеті әрі ұлт алдындағы парызы», деді О. Мұхамеджанов.
Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілді лайықты деңгейде оқытып-үйретуді аралас немесе басқа тілде оқытатын мектептерден де талап ету керектігін атап өтті. «Өзге ұлт мектептерінде оқитын балалар мектеп бітіргенде қазақ тілін игеріп шығатын жағдайға қол жеткізуі тиіс. Жоғары оқу орындарында да қазақ тілін оқытудағы мақсат осындай болуы шарт», деді ол.