Қазақ мультипликациясы тағы бір тың туындымен толығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ мультипликациясы тағы бір тың туындымен толығады. «Мұзбалақ» анимациялық фильмі көрерменге келер жылы жол тартпақ. Фильм режиссерлері мемлекет тарапынан қаржылық қолдаумен қатар, прокатқа шыққан кезінде қадағалау болса дейді. Себебі, қазақ тіліндегі отандық өнім көрсетілім кезінде шеттетіліп жатады.

60 минуттық анимациялық фильмді жарыққа шығару үшін үш жыл тапжылмай еңбек ету керек. 22 адамнан тұратын шығармашылық топ шамамен 85 мың сурет салуы тиіс. Фильмнің режиссерлері Тілек Тілеуғазы мен Тұрдыбек Майдан дайындық жұмыстары 2015 жылдың қыркүйегінде басталғанын жеткізді. Кадрлық тапшылық пен түрлі әкімшілік кедергілердің болуынан жұмыс тоқтап тұрыпты. Анимациялық фильм 2017 жылдың тамыз айында дайын болмақ. Алайда, режиссер прокатқа шыққан кезде отандық өнімге көңіл көбірек бөлінсе дейді.

«Мысалы Қытай елін алатын болсақ. Олар өздерінің ұлттық фильмі шығатын кезде оны мерекеге туралап, прокатқа шығатын кезде шет елдің басқа фильмдерін сол айларда тоқтата тұру деген сияқты бағыттарды көрсетеді. Олар шет елдің киносы мен отандық өнімдерін салыстырып, жарыстырмайды», - деді «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің режиссері Тұрдыбек Майдан.

Режиссердің пікірінше, шет елдік өнімдерге қарағанда отандық фильмдердің берері мол. Патриоттық сезімді оятып, дәстүрді дәріптеп, ұлттық идеологияны насихаттайтын бірден бір құрал - анимациялық фильмдер. «Мұзбалақ» көрінісінің желісінде адамның бүркітті алғаш рет қолға үйретуі баяндалады. Онда қыран құстың қазақ арасындағы ерек орны мен қасиеті көрсетіледі. Дайындық барысында Қазақстанның көрікті жерлері зерттеліп, ұлттық нақшта кейіпкерлерді көрсетуге аса көңіл бөлінген.

«Әрине, фильм ұлттық болғаннан кейін, қазақи болғаннан кейін оның стилін де қазақи етіп шығару керек болды. Демек, көріністердің тереңдігін, қазақ жерінің байлығын, кеңдігін, әдемілігін, сұлулығын көрсету керек болды. Сол үшін осы көріністерге барымызды салып, арнайы экспедициямен шығып, фотоға түсіріп, соны зерттегіннің барлығын, түйгенімізді осы фильмге салып отырмыз», - деді «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің қоюшы-суретшісі Адай Әбілданов.

Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясында «Күлтегін» толықметрлі мультфильмінің өндіріске дайындық жұмыстары басталды. Бұл жоба Адай Әбілдановтың режиссерлік етуімен жарық көрмек. Алдағы уақытта оның шығу уақыты белгілі болады, деп жазады Алматы арнасы.

Соңғы жаңалықтар