Қазақ өнері мен мәдениетін насихаттау үшін өнер шеберлері шет елдерге жиі шығып тұруы керек - Е. Хасанғалиев

АЛМАТЫ. Маусымның 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  «Ұлытаудың»  Еуропаға сапарлары - қазақ эстрадасының дамуындағы  жаңа кезеңнің көрінісі.

Қазақ өнері мен мәдениетін насихаттау үшін өнер шеберлері  шет елдерге жиі шығып тұруы керек - Е. Хасанғалиев

 ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері  Ескендір Хасанғалиев кеше Алматыда «Ұлытау» тобының БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырған концертінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлытау» тобының шілде айында Еуропа елдеріне кезекті сапарға шыққалы  отырғанын өз басым үлкен жетістік деп бағалаймын. Бұл қазақ эстрадасының әлемдік музыка саласындағы алғашқы қарлығаштары деуге болады. Қазір бізге үлкен жол ашылған сияқты. Мұндай іс-сапарлар жиі ұйымдастырылып тұрса шетелдіктердің қазақ өнері мен мәдениеті туралы көбірек хабардар бола түседі. Болашақта шетелде аспаптық орындаушылар ғана емес әншілер арасында да  біздің ән-күйімізді  орындайтындар шыға бастайтын күмәнсіз.  Бізде әлемдік деңгейде өнер көрсете алатын әншілер жетерлік. Тек оларды насихатау жағы кемшін түсіп жатыр», - дейді Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев. Оның айтуынша, қазақ мәдениеті мен өнерін насихатауда үкімет тарапынан шет елдерде ұйымдастырылып жатқан апталықтар мен айлықтар жеткіліксіз. Оған іскерлік мақсатпен сырт елдерге жиі сапарға шығатын барлық азаматтар атсалысуы керек.  Егер олар әрдайым өздерімен  бірге өнер шеберлерінің аудио және бейне күйтабақтарын ала кетіп, әріптестеріне сый-кәде ретінде ұсынып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені қазір бізде әлі күнге дейін бұл жұмыс өз деңгейінде жолға қойылмай келе жатыр.