18:32, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақ өнері мен мәдениетіне арналған кітаптар жарық көрді
АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін қазақ өнері мен мәдениетіне арналған кітаптар көпшілікке таныстырылды. Еңбектер М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйтқы болуымен жарыққа шыққан,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Институттың өнер бөлімі өнертану, театртану және музыкатану болып үшке бөлінеді. Осы бөлімдер соңғы жылдары 30-ға жуық еңбек шығарды. Кітаптар мемлекеттік «Мәдени мұра" бағдарламасының аясында және жеке авторлардың бастамасымен басылды. Олар кейбір оқу орындарына тегін үлестірілетін болады», дейді институттың театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, өнертану ғылымының кандидаты Амангелді Мұқан.Көрермендерге жол тартқан кітаптар тізімінде: 5 томдық «Қазақ музыкасы» анталогиясы, «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы музыка өнері» очерктер жинағы, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ өнерінің тарихы» 3 томдығы, «Ахмет Жұбанов және Қазақстанның өнертану ғылымдары» атты республикалық ғылыми-конференция материалдарының жинағы, «А. Затаевич. Қазақтың 500 ән, күйі», «Б.Г. Ерзакович ? музыка зерттеушісі», «Әлемдік өнертану» 3 томдығы, «Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері» секілді ұжымдық еңбектер бар.
Ал жеке монографиялық еңбектерге С.Ә. Күзембаева, Г.Ж. Мұсағұлова, А.З. Бұлтбаева, А.Ж. Қазтуғанова, Б. Құндақбайұлы, Тұңғышбай әл-Тарази, А. Мұқан, Р.А. Ерғалиева, Д.С. Шәріпова секілді өнертанушы-ғалымдардың кітаптары енді.