Қазақ өнерінің саңлақтары: Ахмет Жұбанов

Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген. Ахмет Қуанұлы қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Қ.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. Бұл ретте, Ахмет Қуанұлы адам қабілетінің қандай құдіретті болатынын нақтылы да нәтижелі істерімен көрсете алды.
1934 ж. қазақтың халық аспаптары оркестрін ұйымдастырды (қазіргі Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі). Жұбанов Алматы мемлекеттік консерваториясын басқарды, оған Жамбыл атындағы қазақтың мемлекеттік филармониясын ашу миссиясы жүктелді. Ол республикалық Ғылым Академиясының негізін салушылардың бірі, кейін М.О.Әуезов атындағы өнер мен әдебиет институтының құрамына енген өнертану секторын ұйымдастырды. Жұбановтың ұйымдастырушылық, шығармашылық, ғылыми, педагогикалық, қоғамдық қызметі Қазақстанның музыка мәдениетінің қалыптасу тарихында тұтас бір кезеңді қамтиды.
Ол кәсіби музыкалық білім берудің, музыкалық шығармашылық пен музыкалық ғылымның ірге тасын қалады. Академик- композитор Жұбановтың есімі қазақ музыка мәдениетінің негізін салушы тұлғалардың көш басында тұр. Ол Л.Хамидимен бірлесіп, "Абай" және "Төлеген Тоқтаров" операсын, "Құрманғазы туралы естелік маршын", "Жез киік" симфониялық шығармаларын, қазақтың би сюитасын, "Саранжап", "Көроғлы" фортепьяналық шығармаларын, хорлар, әндер, романстар, театр мен киноға арналған музыкалар, "XIXғ. мен XXғ. басындағы қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы", "Ғасырлар пернесі", "Замана бұлбұлдары", "Мұқан Төлебаев", "Құрманғазы" этнографиялық зерттеулерін жазды. А.Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі ұшан - теңіз.