Қазақ өнерінің саңлақтары: Бекежанов Нартай

Ақындар айтысында Н. Баймұратовпен,Қ. Байболовпен өнер сайысына түсті. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер ("Толқын", "Нартай сазы", "Өсиет терме") шығарды. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов "Нартай" повесін жазды.
Анасы Бақтыгүл, ағасы Мансұр ақын болған. Сауықшыл ауыл дәстүрін өнеге тұтқан өнерлі бала он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театрда ән шырқап, жыр толғайды.«Қызыл Москва» деген толғауы осы тұста шығарылды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен өнер сайысына түседі.1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады.
Шығармаларының жинағы екі дүркін жеке кітап болып басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Өсиет» деген атпен өлеңдер, дастандар, айтыстар енген жинағы жарық көрді.
«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы (1939) берілген.