Қазақ өнерінің саңлақтары: Бибігүл Төлегенова

Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, вокальдық классика шығармалары, қазіргі замандық композиторларының романстары, әндері бар. Б.Төлегенова ұлттық опера өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, Жамбыл атындағы қазақтың мемлекеттік филармониясының солисі. Ең үздік партиялары: Жібек (Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібегі"), Гүлбаршын (Е.Рахмадиевтің "Алпамысы"), Еңлік (Ғ.Жұбанованың "Еңлік-Кебегі") және т. б. Б.Төлегенова сондай-ақ "Дала қызы", "Біздің сүйікті дәрігер", "Бұл Шұғылада болған", "Тақиялы періште" кинофильмдерінде ойнады. Б.Төлегенованың әншілік талантын танып, оның өнер жолына түсуіне бағыт сілтеген әрі алғаш дәріс берген кеңес жазушысы Г.И.Серебрякова (сол кезде Семейде түрған) болды. Б.Төлегенова еңбек жолын1946 жылы Семейдің ет комбинатында жүмысшылықтан бастады. Бірсыпыра уақыт қазақтың опера және балет театрында жұмыс істеді. 1965-1971 жылдары қазақ филармониясының әнші-солисі болды. 1971 жылдан Қазақтың опера және балет театрында еңбек етеді. Б.Төлегенованың қайталанбас орындаушылық өнерінің қайнар бұлағы ең алдымен қазақтың халық әндеріне саяды. Әншінің алуан тақырыпты репертуарында қазақтың халық әндері ("Гауһар тас", "Жиырма бес"), Қазақстан композиторларының шығармалары (Хамидидің "Бұлбұлы", Брусиловскийдің "Қос қарлығашы", Төлебаевтың "Еске алуы", Рахмадиевтің "Тарантелласы", Мұхамеджановтың "Көктем вальсі", Тілендиевтің "Кел еркем, Алатауыма"), сондай-ақ П.И.Чайковский мен С.В.Рахманиновтың романстары, Н.А.Римский-Корсаковтың операларынан ариялар және Батыc Еуропа сазгерлерінің (Доницетти, Григ, Шуберт) шығармалары да бар. Б.Төлегенова өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Бұл тұрғыда ол "Қазақтың бұлбұлы" атанған К.Байсейітованың орындаушылық шеберлігін жалғастыруда.
Б.Төлегенова өнері республика, одақ көлеміне ғана емес, бүкіл дүние жүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Мысыр, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, өнер толғады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1970) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1960) лауреаты. 1957, 1958 жылдары Мәскеуде өткен өншілер байқауының лауреаты. VӀӀ-ӀХ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ленин ордені және Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жеке Алтын белгісімен (1999) марапатталған. КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының (2001) лауреаты. «Жыл адамы» атағын алған (2001). Қазақстан Жұлдыздар аллеясында Жеке жұлдызға ие (2002). «Орақ және балға» медалінің және Ленин орденінің ұсынылуымен қоса Социалистік Еңбек Ері (1991), Астана қаласының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.