Қазақ өнерінің саңлақтары: Мұхамеджан Рүстемов

АСТАНА.ҚазАқпарат - Мұхамеджан Рүстемов - халық композиторы, әнші, термеші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері. 1932 жылы Қызылорда облысында туған. Алматы жоғарғы партия мектебінде оқыған.Рүстемов 50-ден аса әннің авторы. Олардың ішінде белгілілері: "Қимаймын", "Ақ халатты абзал жандар", "Сағыныш", "Айтолқын", "Ақ босаға", "Армысың баурларым алыстағы" және тағы басқалары.
Рүстемов ақын және композитор Нартай Бекежановтың шығармашылығын зерттеуші ретінде белгілі, ол 1983 жылы Нартай атты құжатты повесть жазды, "Нартай" әуендері, Н. Бекежановтың музыкалық және поэтикалық мұрасы туралы "Терме" телехабарлар сериясын ұйымдастырды. Рүстемов сондай-ақ, Нартай шығармаларын үздік орындаушы ретінде де көпке танымал.
1950 жылы Шиелі қыстағындағы XIV жылдық Октябрь атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, еңбек жолын сол жылы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық комсомол комитетінде мектеп оқушылары және пионер ұйымы бөлімі меңгерушісі қызметін бастаған.
1951 жылы маусымда сол комсомол комитетінде екінші хатшы болып сайланады.
1952 жылдың тамыз айынан 1953 жылдың тамызына дейін ол Ташкент қаласындағы №9 Өзбек қыздары орта мектебіндегі 11-педагогикалық класты бітіріп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мұғалім болып шығып, Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратас (Қазіргі Қазығұрт) ауданына келіп, «Жігерген» елді мекеніндегі Молотов атындағы орталау мектепке жолдама алады. Cол жылы қарашада аудандық комсомол комитетіне хатшы болып сайланды.
1955-1959 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп, 1959 жылдың тамыз айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінде комсомолдар ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітіледі.
1960 жылдың тамызында облыстық партия комитеті бюросының шешімімен ол облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне бекітіліп, сол қызметте Оңтүстік Қазақстан өлкесі ұйымдастырылып, қайта қалыпқа келгенде де сол жұмысын атқарды.
1968 жылы тамызда облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметіне бекітіліп, онда 1984 жылға дейін істеп, сол жылдың наурызынан облыстық партия комитетінің мұрағатына меңгеруші болып ауыстырылды, онда 1991 жылға дейін істеді. Компартия тарағанда Бүкілодақтық Ленин атындағы балалар қорының облыстық ұйымында төраға қызметін атқарып, 1992 жылы маусымда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымына төраға болып сайланды.
1997 жылдың қыркүйек айынан М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің доценті, Шымкент музыкалық колледжіне термеден шәкірттер даярлайтын ұстаз болды.
«Нартай» атты деректі повесі (1983, «Жалын») жарық көрді. Г.Байдуковтың «Чкалов» атты кітабын қазақшаға аударып, 1995 жылы «Жалын» баспасынан шығарды.
М. Рүстемов В.И. Лениннің 100 жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1992) атағына ие, облыс әкімінің «Зерде» стипендиясының иегері (1998), Қазақстан Республикасының Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі болған, Шиелі қыстағының «Құрметті азаматы» (1992), «Республикалық дәрежедегі зейнеткер».