Қазақ өнерінің саңлақтары: Роза Жаманова

АСТАНА.ҚазАқпарат - Роза Жаманова (1928-2013) - әнші (сопрано). КСРО-ның халық артісі. 1928 жылдың 16 сәуірінде Ақтөбе қаласында туылған. 1954 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
None
None

Жаманова Жібек пен Ақжүністің (Е. Брусиловскийдің "Қыз Жібек" және "Ер Тарғыны"), Сараның (М. Төлебаевтың "Біржан мен Сарасы"),Ажардың ( А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абайы"), Татьяна мен Иолантаның (П. И. Чайковскийдің "Евгений Онегині" мен " Иолантасы"), Амелияның (Дж. Вердидің "Балмаскарады") және т. б. опералардағы басты бейнелердің қайталанбас тұлғасын жасады. Роза Жаманова күміс ырғақты өзіндік дауысы бар әнші. Өзі сомдаған бейнелерді жете сезіну, жоғарғы вокалдық мәдениет - оның орындау мәдениетінің ерекшеліктері.

Роза Үмбетқызы әке-шешесінен ерте айрылып, жетім балалар үйінде тәрбиеленді. Музыкаға деген сүйіспеншілікпен ол габойда ойнауды үйрене бастады. Дегенмен, оның ынтызарлығы фортепьяно аспабын игеруге жетеледі. Талдырмаш келген, қуыршақтай Роза оқудан бос уақытын музыка аспаптарында ойнауға арнады. Тәрбиешілер, мектеп мұғалімдері Розаның музыкаға деген жоғары қабілетін байқап, Орал музыкалық училищесіне қабылдануына жол ашты. Оның вокалдық дарындылығын сольфеджио сабағына қатысқан ұстазы А.Б. Муравьева танып, Розаға бір ән айтуды ұсынды. Табиғатынан биязы қыз қанша қысылса да даусы айтарлықтай анық, жақсы шықты.

Әрі қарай Роза Н.Дмитриева-Лещенконың тәрбиесіне өтеді, одан вокалдық тәжірибенің бастапқы сабағын ала бастайды. Одан оның ұстазы Б.Горский болады. Училищені үздік бітірген Роза консерваторияға қабылданды. Мұнда ол профессор А.Курганованың класынан вокалдық сабақтар алды.

1953 жылы консерваториядағы оқу мерзімі аяқталды. Бұдан бір жыл бұрын ол дирижер Исидор Аркадьевич Зактың ақылымен Алматы опера және балет театрының дайындық тобына қабылданды. Алда опера және балет театрының солистігі өзіне тартады. Бір жыл өтер-өтпесте оған Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс партиясын орындау тапсырылды. Әрине бұл өнердегі оған артылған сенім үлкен. Театр басшылары, әртістері, тыңдармандар бірден Роза Үмбетқызының сахналық пісіп жетілгендігін, дауыс диапазонының мол мүмкіншілігін байқады. Мұқан Төлебаевтың «Біржан - Сарасында» бас партияны орындағанда оның өнеріне жұртшылық тәнті болды.

Роза Жаманованың шетелдерге гастрөлдік сапарлары жемісті өтті. Шебер әншінің орындауындағы ән тілмашты қажет етпей-ақ музыка тілінің құпиялығымен халық жүрегіне жете алды. Ол Канадада, Үндістанда, Италияда, Швецияда, т.б. да елдерде қазақ музыка өнерін, классикалық операларында партияларды аса шеберлікпен танытты.

Роза Жаманованың тағыда бір елеулі еңбегі - оның ұстаздығы. Ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында профессор, вокал бойынша дәріс берді. Музыкалық жоғары оқу орындарында вокалдық әншілер үшін оқу бағдарламаларын құрастыруға қатысты, ал 2008 жылдан консерваторияда ақылшы-ұстаз.

Ол 1962 - 1979 жылдар аралығында Қазақ театр қоғамының төрайымы болды. 1968 жылдан Халықаралық театр институтының мүшесі. КСРО халық әртісі Роза Жаманова Еңбек Қызыл ту, Халықтар достығы, Парасат ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар оған Моңғол мемлекетінің, Эстон республикасының, Шешен-Ингуш автономиялық республикасының құрмет грамоталары берілді. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз Роза Үмбетқызы 2013 жылы 86 жасқа қараған шағында, ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар