Қазақ өнерінің саңлақтары: Сәдуақас Балмағанбетов

Сәдуақасты бала кезінде туысқан ағасы Матай Қуантаев (Қазанғаптың шәкірті) өнерге баулып, қос ішектің сырына қанықтырған. Мұнан кейінгі жылдары Сәдуақас күйші өз шеберлігін Қадірәлі, Келбет, Жалыкеш, Құрманғали сынды домбырашылардан шыңдап отырған.
Сәдуақас Балмағамбетовтың өзіне ғана тән орындау ерекшелігі бар. Шебер орындаушы, күйші ретінде ол халық ықыласына ие болды. Сонымен қатар, зерттеуші ретінде де Қазанғап күйлерін радио мен телевизияда насихаттап, халыққа таныта білді. «Тірі Қазанғап» атанған күйші Қазанғап күйлерін нотаға түсіріп қана қоймай, күйтабаққа жаздырған. 2001 жылы ҚР еңбек сіңірген қызметкері, профессор Айтжан Тоқтаған мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазының ноталық редакциялауымен «Саз зергері - Қазанғап» атты кітап шығарды. «Қазанғап күйлерін ешкім де ол секілді тарта алмайтын. Әсіресе, Қазанғаптың «Жұртта қалған», «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйлерін ол сияқты орындау тіпті, мүмкін емес еді!..», - дейді қазанғаптанушы, Қазанғап атындағы Шалқар саз мектебінің ұстазы Нұрболат Жанаманов.