Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ-өзбек шекарасындағы 40 шақырымдық кезек: жүк көліктері неге кептеліп қалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысындағы «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінің маңында жүк көліктерінің 40 шақырымға жуық кезегі туралы видео әлеуметтік желілерде тарады.

кептеліс
Фото: видеодан алынған скрин

Бейнежазбада Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекетінде 40 шақырымға созылған жүк көліктерінің ұзынсонар кезегі байқалады. 

Осыған байланысты Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсініктеме берді.

Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Маликовтың айтуынша, жыл басынан бері шекарадағы жүк көліктерінің ағыны тұрақты түрде өсіп келеді. Қаңтардан шілдеге дейін жүк көліктерінің саны 51 пайызға артқан.

– Биыл қаңтар айында қазақ-өзбек шекарасында өткізу пункттері арқылы 25 004 жүк көлігі, ақпанда – 22 843, наурызда – 26 121, сәуірде – 28 533, сондай-ақ мамырда – 30 144, маусымда – 34 735, шілдеде – 37 718 жүк көлігі өтті, – деді Серік Маликов.

Оның мәліметінше, Түркістан облысының аумағында жүк көліктерін өткізетін үш өткізу пункті бар. Қазіргі уақытта «Бауыржан Қонысбаев» бекеті экспорт бағытында тәулігіне орта есеппен 600-650 жүк көлігін өткізеді.

– Бекеттің инфрақұрылымдық өткізу қабілеті тәулігіне 500 көлікке дейін есептелген. Соған қарамастан өткізу қарқыны кей күндері тәулігіне 700 жүк көлігіне дейін жетеді. Кезекте тұрған көліктердің барлығы әдетте бір тәулік ішінде өткізіледі, – деді ол.

Сондай-ақ Серік Маликов Қытай шекарасындағы жағдаймен салыстырғанда мұндағы кезектің ұзақтығы айтарлықтай аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай шекарасында жүк көліктері кейде бір айға дейін кезекте тұрады. Тіпті алдағы 15 қыркүйекке алдын ала кезекке жазылған жүргізушілер бар. Бұл ретте Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінің маңында жүк көліктеріне арналған тұрақ орындары қарастырылған.

Оның сөзінше, автотұрақ мәселесі өңірдегі кейбір өткізу пункттерінде өзекті болып отыр. Салдарынан жүргізушілер көліктерін жол жиегіне қоюға мәжбүр. Осы мәселені шешу мақсатында «Бауыржан Қонысбаев» өткізу пунктінің маңында автотұрақ салу қолға алынған.

Келес ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудан аумағы арқылы тәулігіне 30 мың транзиттік көлік өтеді. Қазір «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінің маңында көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған «Global Food Logistics» ЖШС-нің инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр.

– Жоба автотұрақ мәселесін толық шешпегенімен, жүк көліктері үшін тұрақ орындарын көбейтуге және көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді. Жеке инвестиция есебінен іске асырылатын нысанның құны – 3,7 млрд теңге. Жалпы аумағы – 10 гектар. Логистикалық кешен 1000 жүк көлігіне арналған. Құрылыс жұмыстарын биыл бастап, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады, – делінген аудан әкімдігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұған дейін Түркістан облысындағы «Қапланбек» өткізу бекетінде жанжал туып, полиция іс қозғағанын жазған едік.