Қазақ-өзбек шекарасын заңсыз бұзып өтпек болғандар ұсталды

«Қақпақ» заставасының келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгерлер жасағы У.Жұмахов пен Н.Әбдірашев мемлекеттік шекараның қазақ-өзбек учаскесін күзетіп тұрған еді.
Айналаны қарап жүрген шекарашылар іргелес аумақта жүрген белгісіз екі адамды көріп, оларды бақылауға алған. Бұл адамдардың шекарадан заңсыз өту үшін қолайлы орын іздеп жүргендері түсінікті болды.
Қолайлы сәтті таңдаған қаскүнемдер шекараға қарай жүрді. Жасақ радиостансадан болып жатқан жағдай туралы бірден заставаға хабарлаған. Бірнеше минуттың ішінде бөлімше команда бойынша көтерілген. «Дабыл тобын» заставаның бастығы, капитан Т.Жақыпов басқарды.
Өздеріне жақындап келе жатқан шекаралық «УАЗ» көлігін көрген шекара бұзушылар қаша жөнеледі. Шекарашылар біреуін бірден ұстады. Өзімен бірге пышағы болған екіншісі қарсылық танытты. Қол жекпе-жегі әдістерін қолданған аға сержант Н.Айдаров оны қарусыздандырды.
Ұсталған Қазақстанның 30 жастағы азаматы мен Өзбекстанның 35 жастағы азаматы ағайындылар болып шықты. Тексеру барысында ұсталғандар Өзбекстанда қаруды ұрлау және заңсыз сақтағаны үшін сотталғандары анықталған.
Оларға қатысты «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз қасақана бұзу» және «Қызметін атқарған билік өкіліне қарсылық таныту» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жасақ құрамы қызметін қырағылықпен жүргізгені үшін марапатқа ұсынылды.