Қазақ-өзбек шекарасынан өтетін энергия ресурстарына бақылау күшейтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ-өзбек шекарасынан өтетін энергия ресурстарына бақылау күшейтіледі

Келісімге 2021 жылғы 6 желтоқсанда Астанада қол қойылды.

Келісімнің мақсаты – Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр энергиясын беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттыру. Құжатта екі ел кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарына бірлескен кедендік бақылауды ұйымдастыру ескерілген

, - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, келісімде энергия ресурстарын кедендік декларациялау және кедендік бақылау мәселелеріндегі тәжірибесі туралы, мемлекеттердің кеден істер саласындағы ұлттық заңнамасы талаптарын бұзу деректері жайында ақпарат алмасу қарастырылған.

Осы келісімді ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағынан теріс салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді

, - деді министр.