«Қазақ психология ғылымы: Неге қол жеткіздік, нені жүзеге асыра алмай келеміз?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 наурыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Былтырғы жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың ішкі нарыққа сатылған газдан шеккен шығыны 124 млрд. теңгені құрапты. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында компанияның бас директоры Ибулла Сердиев айтқан. Шараға Энергетика министрлігі газ өнеркәсібін дамыту департаментінің басшысы Ғалым Нұрғазиев та қатысып, еліміздегі газ өндірісі туралы әңгімелеген. «Мемлекет басшысы ұлттық операторға еліміздің барлық ауыл-аймағын газбен қамту қажеттігі туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмаларды орындау үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазір көріп отырғанымыздай, еліміздің газ жүйесін жаңғырту мен газдандыруға қатысты жоспарланған барлық инвестициялық жобалар іске асырылды», - деді И.Серді. Шара барысында Астананы газдандыру жобасы да назардан тыс қалмады. Ғ.Нұрғазиев елордаға газ тарту жөніндегі мәселе белгісіз мерзімге тоқтатылғанын айтты. Мақала «Көгілдір отын компаниясы көп шығынға батыпты» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Қазақ психология ғылымы: Неге қол жеткіздік, нені жүзеге асыра алмай келеміз?» деген тақырыппен көлемді мақала жария етілді. Онда қазақ елінің бас ұранына айналған, тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы, әлемдік кеңістікте, түркітілдес елдердің бірлігіне негізделген идеяның ортақ психологиялық үндестігінің бар екенін жақсы байқататындығы айтылған. Елбасы жариялаған «Мәңгілік Ел» идеясы - қазақ өркениетінің, сайып келгенде, оның сан ғасыр бойына қордаланған психологиялық ой-түйіндерінің алтын діңгегі екендігіне баса мән берілген. «Қазақ психологиялық қоғамының негізгі мақсаты - республика халқына психологиялық ілім-білімдерді насихаттау, елімізде психологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету екендігі баса айтылып келеді. Мәңгілік Елде жайсаң жандар өссін десек төмендегі психологияның теориялық және қолданбалы проблемалары ерекше назар аударуды қажет болып тұр. Қазақ елінде әлі күнге дейін шешімін таппай отырған психологиялық мәселелер баршылық», - деп жазады мақала авторы.
***
«Халықаралық қаржы институттары әлемдік экономика өсімінің қарқыны бойынша болжамдарында оның төмендейтіндігін айтуда. Сарапшылар пікірінше, дағдарыс тағы да төніп келеді», - деп жазады «Деловая неделя» басылымы «Год 2016 -й - ожидание и тренды» деген тақырыптағы мақаласында. Ағымдағы жылы отандық экономиканың дамуы да қолайсыз жағдайда өрбуде. Өйткені, әлемдік тауарлық нарықтағы баға конъюнуктурасы нашарлап, әлемдегі геосаяси ахуал да шиеленісіп тұр. Экспорттық тауарларға бағаның төмендігі мен қазақстандық экономикадағы құрылымдық проблемалар бизнеске де, тұтынушыларға да теріс әсер етуде.
***
Келесі азиялық ойындарда Қазақстан спорттық биден жүлдесіз қалу қаупі төніп тұр. Бұл жайында «Время» газетіндегі «Танцуй - не могу» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен 2012 жылы Азия ойындарының чемпионы болған еді. Ал ендігі уақытта Бүкіләлемдік би спорты федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитеті мойындаған қауымдастық еліміздің Мәдениет және спорт министрлігін аккредиттеуден бас тартып отыр. Сол себепті Қазақстан спортшылары азиялық ойындарға қатыса алмайды.