Қазақ радиосы - жаңа маусымда
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алдағы 1 қазанда әуе толқынына Астанадан шыққанына 1 жыл толатын «Қазақстан» РТРК» АҚ жүйесіндегі Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын насихаттап, жүйелі түрде ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.
Қазақ радиосы бағдарламалары негізінен қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тілдерінде (түрік, неміс, татар, корей, ұйғыр, әзербайжан) жүргізеді. Ел тұрғындарының 88,74 % осы арнаның хабарларын 24 сағат бойы тыңдауға мүмкіндігі бар. Ал «Шалқар» ұлттық арнасы күн сайын 18 сағаттан әдемі әуен мен ұлттық мүдде тұрғысындағы мазмұнды хабарлар ұсынады. «Шалқарды» ел тұрғындарының 62,04 пайызы тыңдай алады.
Қазақ радиосының негізгі міндеті - мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырысты орындап, эфирдегі сөз арқылы Тәуелсіз Қазақстанның еліміздегі және әлемдік қауымдастықтағы жаңа, сан қырлы бет-бейнесін қалыптастыру. Қазақ радиосы өзінің тарихи ақпараттық борышын орындай отырып, мемлекеттік саясатты еліміз тұрғындарына, ал қазақстандықтардың пікірлері мен ұстанымдарын билік тізгінін ұстап отырған құрылымдарға оңтайлы және шұғыл жеткізудің көпірі болып қала береді.
Қазақ радиосы сөздердің сауатты айтылуына, тіл тазалығына және тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөліп келеді. Радиожурналистердің кәсіби деңгейі олардың қазақ тілінің лексикалық байлығын пайдалана отырып, эфирді еркін меңгеруінен де байқауға болады. Оған мысал ретінде «Зиялы қауым», «Інжу-маржан», «Әлқисса» хабарларын, «Армандастар» және «Замандас» бағдарламаларын т.б. айтуға болады. Сондай-ақ, «Қайырлы таң, Қазақ елі!», «Тәулік тынысы», «Айтөбел», «Наридірген», «Елім менің», «Ұшқын» жастар бағдарламаларында да ұлттың маңызды мәселелері кеңінен сөз болады.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жүктелген мәселелердің ел аумағында орындалу барысы туралы «Қазақстан-2050», «Жаңа Қазақстан», «Шешім қабылданды», «ЭКСПО-2017», т.б хабарларында жүйелі түрде әңгімеленіп келеді.
ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Тәжиннің ұлттық тарихты қайта зерделеу жөніндегі тапсырмасына орай құзырлы органдардың атқарған жұмыстары мен жалпы төл тарихымызға жаңаша көзқарас тұрғысынан да көптеген хабарлар мен айдарлар ашылды. «Мен - қазақпын!», «Тарих толқынында», «Ұлттың жаны - ұлт тарихы», «Замана заңғарлары», «Исторические заметки», т.б. хабарларында ұлттық тарих мәселелері сөз болып жатқанын құлағы түрік тыңдаушылардың өздері де байқауы мүмкін.
"Бұдан басқа Қазақ радиосы республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғыстанның шекаралық аймақтарына жетеді. Сондай-ақ, «Шалқар» ұлттық арнасының хабарлары еліміздің ірі қалаларына таратылады. Ал қазіргі кезде интернеттегі парақшамыз арқылы http://kazradio.kz/ телерадиокорпорация құрылымындағы Қазақ радиосының, «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиоларының хабарларын он-лайн режимінде тыңдауға болады. Біз әр сағаттың басында қазақ тілінде және әр сағаттың ортасында орыс тілінде берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөлеміз. Ал «Алтын қор» атты алтын көмбеміз өз алдына бір төбе", - деді Қазақ радиосының бас редакторы Оңғар Құралов. .