«Қазақ радиосында» Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Қазақ радиосы» ғимаратында қазақтың белгілі дикторы Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ радиосында» Әнуарбек Байжанбаев атындағы студия ашылды

«Ұлағатты іс-шара қайталанбас дауыс иесінің, радио ардагерінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

«Қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев Қазақ радиосында 50 жылдай жұмыс істеді. Оның саналы ғұмыры осы қасиетті қара шаңырақта өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Кеңес елдері Левитанның дауысымен естісе, қазақ даласына жеңіс хабарын Әнуарбек Байжанбаев жеткізді.

Қазақ сөз өнерінің қадір-қасиеті Байжанбаевтың қоңыр үні арқылы айшықталды. Әйгілі диктордың ел руханиятына қосқан еңбегін дәріптеу баршамыздың ортақ парызымыз», - деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Іс-шараға Әнуар Байжанбаевтың ұрпақтары, көзін көрген әріптестері, радио ардагерлері қатысып, жылы лебіздері мен естеліктерін айтқан.