Қазақ спортшылары Олимпиада ойындарында қандай жетістіктерді бағындырды

Олимпиада
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы ай ғана қалды. Төрт жылдық дода2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өтеді. Бүгінгі таңда Қазақстан спортшылары Париж Олимпиадасына 47 жолдама жеңіп алды. Қазақ спортшыларын алда тағы да 30-ға жуық лицензия сарапқа салынатын турнирлер күтіп тұр. Демек, жолдамалар саны тағы да толыға түседі деп сенеміз. Осы орайда, қазақ спортшылары тәуелсіздіктен бері қарай Жазғы Олимпиадаға қай спорт түрінен ең көп спортшы апарғанын және кімдердің Олимпиада жүлдесін жеңіп алғанын назарларыңызға ұсынамыз.

Жазғы Олимпиадаға қай спорттың өкілдері көп барады?

1996 жылдан бері Қазақстан 7 жазғы Олимпиадаға қатысып, 14 алтын, 22 күміс, 35 қола жүлде жеңіп алған. Спортшылар саны бойынша мәлімет келесідей:

  • Жеңіл атлетика – 140 спортшы
  • Күрес (еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі) – 88 спортшы
  • Бокс – 65 спортшы
  • Су добы – 62 спортшы
  • Дзюдо – 55 спортшы
  • Жүзу – 48 спортшы
  • Каноэ – 46 спортшы
  • Ауыр атлетика – 42 спортшы
  • Велоспорт – 35 спортшы
  • Нысана көздеу – 31 спортшы
  • Садақ ату – 21 спортшы
  • Гандбол – 14 спортшы
  • Үлкен теннис – 12 спортшы
  • Қазіргі бессайыс – 12 спортшы
  • Синхронды жүзу – 12 спортшы
  • Волейбол – 12 спортшы
  • Семсерлесу – 11 спортшы
  • Таэквондо – 11 спортшы
  • Тұғырдан секіру – 11 спортшы
  • Спорттық гимнастика – 9 спортшы
  • Академиялық ескек есу – 8 спортшы
  • Триатлон – 6 спортшы
  • Каратэ – 5 спортшы
  • Көркем гимнастика – 4 спортшы
  • Үстел теннисі – 4 спортшы
  • Батуттағы секіру – 1 спортшы
  • Құзға өрмелеу – 1 спортшы

Олимпиадада ойындарында ең көп жүлде алған спорт түрі:

  1. Бокс – 7 алтын, 7 күміс, 10 қола
  2. Жеңіл атлетика – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола
  3. Күрес – 1 алтын, 5 күміс, 11 қола
  4. Ауыр атлетика – 1 алтын, 4 күміс, 6 қола
  5. Велоспорт – 1 алтын, 1 күміс
  6. Қазіргі бессайыс – 1 алтын
  7. Жүзу – 1 алтын
  8. Дзюдо – 2 күміс, 2 қола
  9. Нысана көздеу – 2 күміс, 1 қола
  10. Каратэ – 2 қола
  11. Таеквондо – 1 қола

Олимпиада ойындарының жүлдесін кімдер жеңіп алды?

Атланта олимпиадасы

Василий Жиров
Фото: sports.ru

Алтын: Василий Жиров (бокс, 81 келі), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі, 57 келі);
Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика, 99 келі), Сергей Беляеев (нысана көздеу, 2 дүркін);
Қола: Болат Ниязымбетов (бокс, 63,5 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Мәулен Мамыров (еркін күрес, 52 келі), Владимир Вохмянин (нысана көздеу).

Сидней олимпиадасы

Бекзат Саттарханов
Фото: olympic.kz

Алтын: Бекзат Саттарханов (бокс, 57 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика);
Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс, +91 келі), Ислам Байрамуков (еркін күрес, 97 келі), Александр Винокуров (велоспорт).

Афина олимпиадасы

Бақтияр Артаев
Фото: olympic.kz

Алтын: Бақтияр Артаев (бокс, 69 келі);
Күміс: Геннадий Головкин (бокс, 75 келі), Георгий Цурцумия (грек-рим күрес, 120 келі), Геннадий Лалиев (еркін күрес, 74 келі), Сергей Филимонов (ауыр атлетика, 77 келі);
Қола: Серік Елеуов (бокс, 60 келі), Мкхитар Манукян (грек-рим күрес, 66 келі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика).

Бейжің олимпиадасы

Бақыт Сәрсекбаев
Фото: bassport.kz

Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі);
Күміс: Асқат Жіткеев (дзюдо, 100 келі), Таймураз Тигиев (еркін күрес, 96 келі), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі), Анна Важенина (ауыр атлетика, 75 келі);
Қола: Еркебұлан Шыналиев (бокс, 81 келі), Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі, 60 келі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, 96 келі), Арман Шылманов (таэквондо, 80 келі), Марид Муталимов (еркін күрес, 120 келі), Елена Шалыгина (әйелдер күрес, 63 келі), Мария Грабавецкая (ауыр атлетика, +75 келі).

Лондон олимпиадасы

Серік Сәпиев
Фото: aikyn.kz

Алтын: Серік Сәпиев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі), Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 53 келі), Майя Манеза (ауыр атлетика, 63 келі), Светлана Подобедова (ауыр атлетика, 75 келі);
Күміс: Әділбек Ниязымбетов (бокс, 81 келі);
Қола: Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес, 66 келі), Иван Дычко (бокс, +91 келі), Марина Вольнова (әйелдер боксы, 75 келі), Гүзель Манюрова (әйелдер күресі, 72 келі), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі, 84 келі).

Ескерте кетейік, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова кейін допингпен ұсталып Олимпиада медальдарын ХОК-ке қайтарып берді.

Рио-де-Жанейро олимпиадасы

Данияр Елеусінов
Фото: olympic.kz

Алтын: Данияр Елеусінов (бокс), Дмитрий Баландин (жүзу), Нижат Рахимов (ауыр атлетика)

Күміс: Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов (бокс), Гюзаль Манюрова (әйелдер күресі)

Қола: Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки, Александр Зайчиков, Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика) Элмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (әйелдер күресі), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс).

Ескерту: Нижат Рахимов та допинг дауына ілігіп Олимпиада медалінен айырылды.

Токио олимпиадасы

Өкінішке қарай соңғы күншығыс елінде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына алтын түгіл күміс те бұйырмады. Бұл ел тарихындағы ең сәтсіз өткен Олимпиада ойындары ретінде есте қалды. Токиода отандастарымыз 8 қола медальға ие болды.

Grand Slam
Фото: Olympic.kz

Олар – Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон және Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика), Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов (бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес), Дархан Асаділов пен Софья Берульцева (каратэ).

Енді алдағы Париж Олимпиадасында қанша жүлде бұйырады, оны алдағы уақыт көрсете жатар.

Соңғы жаңалықтар