Қазақ спортшылары Олимпиадаға дейін допингке қарсы қанша рет сынама тапсырады

Майра Бақашева
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі таңда қазақ спортшылары Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына дайындық жолында аянбай тер төгуде. Бірі – жолдама үшін таласып жатса, енді бірі – жолдаманы жеңіп алып, төртжылдық басты додаға дайындықты бастап кеткен.

Қазіргі таңда спортшыларымыз физикалық дене дайындығымен қатар допингке қарсы талаптарды да естен бір сәт шығаруға құқысы жоқ. Себебі, осыған дейін қаншама спортшыларымыз Олимпиаданың жеңіс тұғырына шығып, артынан жүлделерінен де, атақ-абыройынан да айырылып қалды.

Осы орайда, агенттік тілшісі ҚР Допингке қарсы ұлттық орталығының басшысы Майра Бақашевамен тілдесіп, Олимпиада алдында спортшыларымыз жарысқа допингсіз баруы үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрап, білді.

«Біз спортшыларымыздың Парижде өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына допингсіз қатысуына бар күшімізді салып жатырмыз. Басты додаға дайындық аясында Қазақстанның Допингке қарсы ұлттық орталығы (ҚазДҚҰО) спортшыларды допингке қарсы оқытуға және оларды тестілеуге бағытталған іс-шараларды өткізуде. Допингке қарсы ағарту семинарлары спортшыларға, жаттықтырушыларға, спорт дәрігерлеріне және қосымша спорт қызметкерлеріне жарыс және жарыстан тыс кезеңдерде ұйымдастырылады. Олимпиадаға, Паралимпиадаға баратын спортшылармен біз жеке-жеке кездесулерді міндетті түрде өткізіп жатырмыз. Спортшылар  орталықтың ресми сайтында тегін білім алу курстантарынан өтуге міндетті. Оны аяқтаған соң, растау сертификаты беріледі. Сондай-ақ, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігі (ДДҚА) Олимпиада ойындарына дайындалу үшін ADEL білім беру курсын әзірледі. Осы боййынша барлық жұмыстар атқарылуда», - деп атап өтті ҚР Допингке қарсы қлттық орталығының басшысы. 

Сонымен қатар, Олимпиадаға жолдам жеңіп алған қазақ спортшылары жарысқа дейін міндетті түрде үш рет допинг бақылаудан өтетінін айтты.

«ҚазДҚҰО жыл сайын тестілеу жоспарын жүзеге асырады және оны жасаған кезде қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға, соның ішінде Азия ойындары мен Олимпиадаларға дайындығы мен қатысуын ескереді. Допингке қарсы ұлттық орталық күнтізбелік жылдың басынан бастап маңызды жарыстардың әрбір қатысушысын кемінде 3 рет допинг бақылаудан өткізеді. Бұл - Халықаралық Олимпиада комитетінің, ДДҚА және ҚР Туризм және спорт министрлігінің талабы. Спортшыларды Халықаралық федерация да тексере алады. Олар да өз тәуелсіз тестілеуін жүргізеді», - деді ҚР Допингке қарсы Ұлттық орталық басшысы Майра Бақашева.

Естеріңізге сала кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар