Қазақ спортшылары Олимпиаданың алғашқы күні қалай өнер көрсетті

ПАРИЖ. KAZINFORM – Бүгін Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиаданың алғашқы күні қазақ спортшылары үшін аса тартысты және аса табысты болды.

медаль
Фото: Kazinform

Олай дейтініміз ел қоржыны Олимпиаданың алғашқы күні 1 қола, 1 алтын медальмен толықты.

Нақтырақ айтсақ, дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов 60 келі салмақта Олимпиада чемпионы атанды. Ол Париждегі ойындардың финалында жергілікті татами шебері Лука Мхеидземен күресіп, қарсыласын қапы қалдырды.

Осылайша Париж Олимпиадасының чемпионы атағына қол жеткізді.

Елдос осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген болатын. Ал Токио төрінде қанжығасы қола медальмен толықты. Париж олимпиадасына дейін онда тек алтын медаль ғана болмаған. Міне, бүгін сол олқылықтың орынын толтырып, чемпиондыққа қол жеткізді.

Сонымен қатар бүгін пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Қазақстан командасы Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды. Оны Ислам Сәтпаев пен Александра Ле сыйлады.

Енді өзге спорт түрлеріне тоқталып өтсек, академиялық ескек есуден ерлер арасындағы іріктеу сайысында отандасымыз Владислав Яковлев мәреге 5-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 7:21.56 секунд.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде Никита Чирюкин 15-сатыға тұрақтап, финалға шыға алмады.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден әйелдер арасындағы іріктеуде Ирина Юнусметова 574 ұпаймен 11-сатыға табан тіреді.

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасының қола жүлдесі үшін белдесуде Тара Бабулфаттан (Швеция) жеңіліп қалды.

Велоспорттан жекелей сындағы уақытқа жарыста ұлттық құрама спортшысы Евгений Федоров 21-сатыдан көрінді. Оның уақыт көрсеткіші – 38:33.98 секунд.

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париж Олимпиадасында Тейлор Фрицке (АҚШ) есе жіберіп, жекелей сынды аяқтады.

Спорттық гимнастика сайысы бойынша Милад Карими мен Нариман Құрбанов іріктеу кезеңінде өнер көрсетті.

Ат жаттығуында Нариман Құрбанов – 15.000 ұпай (5-орын), Милад Карими – 13,266 ұпай (30-орын) жинады.

Милад Карими еркін жаттығуды 7-орынмен (14.433 ұпай), көпсайысты 15-орынмен (14.433 ұпай) аяқтаса, қос шығыршықта 21-орынға (14.366 ұпай) табан тіреді. Ал шығыршықта 36-орыннан (13.000 ұпай), керме жаттығуында 12.700 ұпаймен 40-орыннан көрінді.

63,5 кг салмақтағы боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғашқы айналымда Ойер Ибареччеден (Испания) басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасындағы бірінші ойында қарсыласын басым түсті. Отандасымыз чилилік атлет Николас Бургосқа еш мүмкіндік бермеді. Есеп 4-0.

Олимпиаданың бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 қола жүлде бар.

Қазір жалпы медальдар кестесінде Бельгия, Жапония құрамаларымен бірге 5-орынды өзара бөлісіп тұр. Ал көш басында 3 алтын, 2 күміс медальмен Австралия құрамасы тұр. Екінші орынды 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алған Қытай құрамасы иеленіп тұрса, үздік үштікті 1 алтын, 2 күміс, 2 ұола медальмен АҚШ құрамасы түйіндеп тұр.

Соңғы жаңалықтар