«Қазақ сыныптарын жабу туралы әңгіме қайдан шықты» - республикалық басылымдарға шолу
«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, кезінде жазықсыз қудаланып, құрбан болған азаматтар ұрпақтарының бір тобымен кездесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Мемлекет басшысы уақытқа шектеу қоймай, олардың сол кезеңдердегі көрген қиыншылығын тыңдады, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңге есте қалдыру мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар жайында ой бөліскен. «Зұлмат жылдар қасіреті ешқашан ұмытылмайды» деген тақырыппен берілген мақаланың егжей-тегжейін басылымның жұма күнгі санынан оқи аласыздар.
Бұл маңызды кездесу «Казахстанская правда» басылымының назарынан да тыс қалмаған. Кездесуде сөз алған 1937 жылы қуғынға ұшыраған Төреқұл Айтматовтың қызы, Шыңғыс Айтматовтың әпкесі Розетта Айтматова Мемлекет басшысына саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда көрсеткен көмегі мен ықыласына алғысын айтқан. «Мен Қазақстанда бейбітшілік пен келісім орнығып отырғанына және өз тарихымызды зерттеуге ұқыптылық танытқанына өте қуаныштымын. Сіз адамдар осы тарихты біліп әрі ол қателіктерді қайталамас үшін осындай маңызды іс-шараны өткізіп отырсыз. Сонымен бірге, мен өз отбасымыз атынан Шыңғыс Төреқұлұлына көрсеткен ықыласыңыз үшін Сізге алғысымызды жеткізгім келеді», депті Розетта Айтматова Мемлекет басшысына арнап.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Аталған мәжіліс жұмысына комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
***
«Алаш айнасы» газетінің бірінші бетіндегі «Ақбөкендер ауруы адамға жұқса қайтеміз» деген мақалада «орны толмас ұлттық трагедия» деп жарияланған, Жайық алабын жайлаған 12 мың бас киіктің қырылу салдары адамдарға нәубет әкелу мүмкіндігі туралы болжам жасалған. Тілші Болатбек Мұхтаров хабарласқан микробиолог маман «киікті қырған пастереллез ауруы екенін, оның кезінде аталарамыз оба деп атағанын, әрі ол кез келген емдеу түріне ырық бермейтінін, оның жануарлар арқылы адамға жұғу қаупі барын» айтқан. Егжей-тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
Осы басылымның қоғам бетіндегі «Қазақ сыныптарын жабу туралы әңгіме қайдан шықты» атты мақаладан Алматы қаласындағы Түрксіб ауданына қарасты №49 жалпы білім беретін аралас мектептегі қазақ сыныптарын себепсізден себепсіз жауып жатқандығынан хабардар боласыздар. Осы мәселенің мәнісі мен жайынан аталған мектеп басшыларымен кездесіп қайтқан газет тілшісінің сараптамалық түсініктемесінен де таныса аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат» айдарында сұхбат берген «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф Ғалия Қайдауылқызы жастарды емес, ең әуелі қарттарды тәрбиелеу керектігін өкінішпен айтады. «Өйткені жасқа үлгі болар, соған бой түзеп өсер қазақтың бүгінгі кемпірлері немерелерімен жағаласып шаштарын қиып, шалбар киіп, төсін ашып, орысша шүлдірлеп жүреді, ал бұл ұлт үшін - үлкен трагедия» деген маман қазақ қыздары мен келіншектерінің, апайлары мен апаларының жасына сай киім киіп жүретінін, сондықтан «қазақта қыздың жасын сұрамайды» деген сөздің мәнісі осында жатқанын айта келе, өз әңгімесінде ұлттық киімнің өзге де құпиясынан сыр шертеді.
***
«Біз қолымызға ұстап отырған «көзірді» көрсетіп едік, Қазақстан амалсыздан шекараны ашты». Мұны анау-мынау емес, қырғыз уақытша үкіметінің бірінші орынбасары қызметін атқарып отырған Алмазбек Атамбаев айтып отыр», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарияланған «Атамбаев не айтып отыр?!» мақаласында. Жазылған жайттың егжей-тегжейін білгіңіз келсе басылымның жұма күнгі санына назар аударыңыз.
Жоғары оқу орындарында сырттай білім беру ісі көп жылдардан бері басы даудан арылмай келе жатқаны белгілі. Осыған кеше елорда төрінде өткен «Қазақстан жоғары оқу орындары әлемдік академиялық рейтингтер контексінде» атты халықаралық форумда еліміздің Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев аталған білім беру ісінің қалай өрбитінінен құлағдар еткен. Бұл жайында «Айқын» газетінде жарық көрген «Сырттай оқуға тықыр таянып келеді» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Сырттай білім беру жүйесін жуық арада тоқтатқан жөн. Бүгінде бізде жоғары білімді мамандар жеткілікті, бұрынғыдай оларға деген асқан зәрулік жоқ. Соған орай, бұл іске нүкте қойып, студенттерді күндізгі бөлімде оқытып, оларға әлемдік стандарттарға сай білім беруге тиіспіз», депті министр.
Осы басылымның «Мінбер» айдарында филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Жүсіпбектің атылуына шәкірттері де себепші...» деген мақаласы жарық көрді. Нақты тарихи деректермен ұштастыра баяндалған Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты жарияланымды оқығыңыз келсе «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.