Алаш мұрасын түркі әлеміне танытып жүрген әзербайжандық ғалым Әли Шамилоглы туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM — Бір күні редакциямызға белгілі фольклортанушы, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы хабарласты. Қазақ тарихын әзербайжан тілінде жазып, зерттеп жүрген ардагер ғалымды қазақ ортасына таныта түссек деген ұсынысы бар екен. Сол ұсыныстың аясында әзербайжан зерттеушісі Әли Шамилоглының Алаш мұрасын түркі руханиятына ортақ дүние ету жолындағы еңбегіне қалам тербеп көрдік.
Кенесарыдан Мағжанға дейін
Алаш арыстарының саясат пен руханият тарихындағы ауқымы қазақ мүддесінен әрі асып, түркі мұратымен ұштасып кеткен. Әзербайжан зерттеушісі Әли Шамилоглының «Qazaxıstan» атты кітабын оқығаннан кейін осындай ой түюге болады.
Қазақтың 12 тарихи тұлғасына 364 беттік кітап арнаған бұл ғалым қағаз кеміріп, құжат ақтарып қана қоймай, қазақ даласына бірнеше рет арнайы келіп, ел аралап, құймақұлақтар мен көнекөздерді сөйлетіп, тыңдаған. Өзіміз айта-айта жаттанды нарративке айнала бастаған тұжырымдарды өзге елдің азаматының дәлелдеп жазуы, насихаттық пафоссыз нақты дерекке сүйеніп зерттеуі Алаш мұрасына қосылған құнды еңбек деуге толық негіз бар.
Автор Қазақстанды түркі әлеміне айшықты тұлғалары арқылы таныстыруды жөн көрген. Сол үшін қазақ халқының адами капиталын дамытып, дербестікке жеткізу, өмір сапасын жақсарту жолында құрбан болған қайраткерлерді іріктеп алып, солардың өмір жолы мен қызметі туралы ең негізгі мәліметтерді тізіп берген.
Бір қызығы, Әли Шамилоглы іріктеп алған тұлғалардың басында Кенесары хан тұр. Ғалым сан жылға жалғасқан ізденіс кезінде Хан Кенеден қалған күрескерлік рухты Алаш арыстары жалғағанын дәл тапқанға ұқсайды.
Алаш идеясының алтын дәуірі
Алғашында Қазақстандағы ахыска түріктерінің руханиятын зерттеу үшін келген Әли Шамилоглы қазақ даласында бір заманда түрлі саланы халықаралық деңгейде меңгерген ондаған көшбасшының іркес-тіркес шыққанын көріп, қатты әсерленсе керек.
Еңбекте әуелі Кенесары Қасымұлының Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күресі баяндалады. Автор Кенесарыны тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының тәуелсіздік үшін күрескен ортақ тұлғасы ретінде көрсетеді. Кеңес идеологиясының хан тұлғасына берген «феодал», «бүлікші» деген бағасы саяси сипатта болғанын айтады. Кенесары көтерілісінің жеңілу себептері ретінде қазақ руларының толық біріге алмауы мен Ресейдің әскери басымдығын қатар атайды
Кітаптағы келесі маңызды тұлға — Шоқан Уәлиханов. Автор оны тек қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі ретінде емес, Ресей ғылымы мен түркі дүниесін жалғаған көпір ретінде сипаттайды. Шоқанның Қашғарияға жасаған сапары, этнографиялық зерттеулері, шығыстануға қосқан үлесі кеңінен баяндалып, оның қысқа ғұмырында әлемдік ғылымға қалдырған мұрасы ерекше бағаланған.
Әлихан Бөкейханға арналған тарау көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да кітаптағы ең салмақты бөлімдердің бірі. Автор Әлиханды Алаш қозғалысының көшбасшысы ғана емес, саяси ойшыл, экономист, публицист және ұлттық мемлекеттіліктің бастауында тұрған басты қайраткер ретінде таныстырады. Оның Думадағы қызметі, кадет партиясынан шығуы, Алаш автономиясын құру жолындағы еңбегі егжей-тегжейлі баяндалады. Автор Әлиханның Ресей құрамындағы автономия идеясына қалай келгенін де тарихи контекст арқылы түсіндіруге тырысады.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы тарауда автор оның бірнеше қырын қатар ашады. Ол қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғана емес, ұлт ұстазы, реформатор, ағартушы және Алаш қозғалысының идеологы болғанын баяндайды. Автор әсіресе ғалымның әліпби реформасына, «Қазақ» газетін шығарудағы рөліне, қазақ фольклорын жинақтау ісіне және Бакуде өткен Бірінші түркологиялық құрылтайдағы қызметіне арнайы тоқталады. Бұл арқылы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі тек Қазақстан көлемінде емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды екенін атап тұрып көрсетеді.
Түркістан идеясының символы
Автордың ерекше ықыласпен жазған тұлғаларының бірі — Мұстафа Шоқай. Ол Шоқайды Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін күрескен эмиграциядағы саясаткер деп сипаттайды. Париждегі қызметі, «Яш Түркістан» журналы, Еуропадағы саяси күресі кеңінен қамтылған. Мұнда автор М. Шоқайды тамырлас елдерге ортақ Түркістан идеясының символы ретінде таныстырады.
Кітапта Санжар Асфендияров, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхамеджан Сералин және Мұхамеджан Тынышбайұлы сияқты тұлғалардың күрескерлік жолына жеке-жеке тарау арналған.
Бұл тұлғалардың бәрін қазақты өркениет көшіне қосып, азат ел ету деген өршіл мақсат арқылы байланыстырады. Автор бұл тұлғалардың әрқайсысын ұлттық жаңғыруды, ағартушылық пен түркі бірлігі идеясын қолдаған қайраткер ретінде сипаттайды.
Санжар Асфендияровтың ғылымдағы еңбегі, Мағжан Жұмабаевтың түркі рухты поэзиясы, Тұрар Рысқұловтың Түркістан тұтастығын сақтау жолындағы күресі, Нәзір Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы дипломатиялық қызметі, Шәкәрімнің философиялық мұрасы, Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналы арқылы қоғамдық ойды қалыптастырудағы рөлі және Мұхамеджан Тынышбайұлының инженер әрі мемлекет қайраткері ретіндегі еңбегі жүйелі түрде баяндалады.
Түркі интеграциясының тамыршысы
Кітаптың ерекшелігі — автор құрғақ өмірбаянмен шектелмейді. Әр тұлғаның тарихи қызметін түркі дүниесінің ортақ тағдырымен байланыстырады. Сондықтан кітапта «түркі бірлігі», «ұлттық сана», «азаттық күресі», «жәдидшілдік», «Алаш» сияқты ұғымдар жиі қайталанады. Бұл — автордың саналы таңдауы. Өйткені ол Қазақстан тарихын жеке құбылыс ретінде емес, ортақ түркі өркениетінің бір бөлігі ретінде көрсетуді мақсат еткен.
Әли Шамилоглының тағы бір ерекшелігі — қазақ тарихындағы көптеген есімдер мен оқиғаларды әзербайжан тарихымен, Кавказдағы процестермен, ортақ түркі кеңістігіндегі өзгерістермен байланыстырып отырады. Соның арқасында кітап Қазақстан туралы ғана емес, түркі халықтарының өзара байланысы туралы еңбекке айналған.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы құрылып, Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіруі, Каспий арқылы өтетін логистикаға сұраныстың артуы сияқты оқиғалар түркі интеграциясы деген идеяның прагматикалық стратегияға айналатын әлеуеті бар екенін көрсетіп отыр. Осындай тенденциялардың бедерінде қазақтың тарихи тұлғаларын өзге халықтарға өз тілімен, өз дүниетанымына жақын формада таныстыратын еңбектердің маңызы арта түседі. Әли Шамилоглының «Qazaxıstan» кітабы дәл осындай миссия атқарған құнды дүние деуге болады.