Қазақ тарихшылары «өткенді еңсеру» ісінде дұрыс жолда келе жатыр - Австрия ғалымы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ тарихшылары «өткенді еңсеру» ісінде дұрыс жолда келе жатыр. ҚХА-ның ұйымдастыруымен Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған халықаралық форумда австриялық философия докторы, тарихшы Петер Руггенталер осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ тарихшылары «өткенді еңсеру» ісінде дұрыс жолда келе жатыр - Австрия ғалымы

«Қазақстанға бірінші рет жолымыз түсіп отыр. Алайда тарихшы ретінде қазіргі қазақстандық тарихшылардың «өткенді еңсеру» ісінде дұрыс жолда келе жатқанын білемін. «Өткенді еңсеру» - австриялықтар мен немістер үшін әлбетте, жазылмас жара іспетті. Өздеріңіз білетіндей, біздің тарих - үлкен жара. Тарихты түгендеуде әр адамның тағдыры зерттелуі тиіс. Ресейлік архивтердің арқасында соңғы 25 жылда ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 10 мың австриялықтың тағдырын зерттеуге мүмкіндік алдық. Ол 10 мың адамның тағдыры туралы кейінгі ұрпақтары түк білмеген еді», - дейді Больцман атындағы соғыс кесірін зерттеу институты директорының орынбасары Петер Руггенталер.

Тарихшының айтуына қарағанда, СССР тарағалы бері Австрия да ресейлік архивтерді ақтаруға қол жеткізген.

«Бірнеше жыл бұрын Мәскеуде атылған австриялықтардың тізімі жарияланған кезде (100-ден астам) Австралиядан бір адам бізге хат жазып, өзінің әкесін тауып алғанын, ол туралы бұрын ештеңе білмегенін жеткізді. Әр адамның өмірі туралы дерек тапсақ, бізге қайтарым ретінде мыңдаған алғыс жолданып жатады. Міне, сол себепті күн сайын біздің жұмыс қаншалықты маңызды екенін түйсіне түсеміз. Басқа халықтармен салыстырғанда әлбетте, сталинизмнен құрбан болған австриялықтардың саны көп емес. Десе де, бізге әрбір адамның тағдыры қымбат. Қазақстан аумағындағы лагерьлерге айдалған ондаған австриялықтың барын анықтадық», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумы өтіп жатыр. Аталмыш форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, сталиндік репрессияның құрбандары бойынша ортақ аза - қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналуы тиіс» екенін мәлім етті.