«Қазақ тарихында із қалдырған Аналар ізделеді»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақ тарихында із қалдырған Аналар ізделеді»- республикалық басылымдарға шолу

***

«Айқын» газетінің жазуынша, алда келе жатқан Әйелдердің халықаралық мерекесіне орай, халық қалаулысы Үкіметке ұсыныспен шыққан. Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев тарихшы ғалымдардан арнайы комиссия құруды ұсыныпты. «Бұл комиссия атақты әйелдердің біздің мемлекетіміздің тарихына қосқан үлесін анықтауға тиіс, - дейді Премьер-министр Кәрім Мәсімовке ресми сауалмен жүгінген депутат. - Содан кейін комиссияның ұсынуымен Үкімет Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар мен оқу басылымдарына олардың есімдерін енгізуі қажет». Депутат осылайша, тарихи оқулықтарда әйелдер мен ерлерге қатысты гендерлік теңдікті орнатпақ», - деп жазады басылым. Осы мәселе және Парламент қабырғасында көтерілген басқа да жайттар төңірегінде құлақтанғыңыз келсе, «Қазақ тарихында із қалдырған Аналар ізделеді» деген мақалаға көз салыңыз.

Ертең Қазақстанның теннисшілері Дэвис кубогы жолындағы жарыстың финалдық бөлігінің алғашқы кездесуін Чехия құрамасына қарсы өткізеді. Жарыс аталмыш мемлекеттің Острава қаласында өтеді. Осыған орай «Айқын» газетінде «Дэвис кубогы: Қазақстанның теннисшілері ертең Чехияның әйгілі құрамасына қарсы шығады» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Бұл бәсекеге қос команда да мықтап дайындалды. Чехтар әлемнің әр қиырында өнер көрсетіп жүрген саңлақтардың басын қосып, жақсы бір команда жасақтаса, қазақстандықтар да өз мықтыларын түгендеп, дәл қазір соңғы даярлықтарын пысықтауда», - деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санындағы «Дат!» айдарында ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевпен арадағы сұхбат жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына салмақты жауап берген ғалым: «Бізде аймақтық ауыл шаруашылығы институттарына көп көңіл бөлінбей жүр. Қазақстанда үш ғылыми институт бар. бірі - Алматыда, екіншісі - Петропавлда, үшіншісі - Шымкентте. Осылардың ішінде мал шаруашылығын зерттеумен айналысатын институт Алматыда ғана. Меніңше, асылдандыру бағдарламаларын Алматыдағы институтта ғана емес, үш институтта да жүзеге асыру керек тәрізді. Мал шаруашылығына байланысты ғылыми зерттеулерді үш институтқа бөліп бергенде ғана жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - дейді. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Арабтар шөлді жерде отырса да, бір сиырдан жылына 10-12 мың литр сүт сауады, ал бізде 2 мың литрден аспайды» деген тақырыпқа назар аударыңыз.

Осы басылымның жазуынша, Ақтөбеде алдын ала егуден бас тартатындар көбейіп барады. Оның себебін дәрігерлер ата-аналарының діни сенімдерімен байланыстыратын көрінеді. Ал ата-аналар болса «дәрігерлер өз мамандықтарына салғырт қарайды, олардың енжарлығынан вакцина салу кезінде ауру жұқтырып алғандар бар», деп уәж айтады екен. «Біз хабарласқан №1 қалалық емханада әртүрлі ауруға қарсы егілетін вакцинаны 40-тың үстінде бала салдырмаған. Олардың ата-аналарымен әңгімелесу жұмысын жүргізгенде байқағанымыз, көпшілігінің сылтауы діни көзқараспен байланысты көрінеді. Арасында Ресей ғалымдары түсіріп, таратқан бейнетаспаның да әсері бар екенін айтады», - деп жазады басылым. Мақаланың байыбына барғыңыз келсе, «Ақтөбелік ата-аналарды шошытқан ресейлік таспа» деген мақаланы оқыңыз.

***

«Бағаны тұрақтандыру бағдары». «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде осы тақырыппен жарияланған мақалада елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен өткен тұрғындарға аса қажет азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мәселелеріне арналған кеңес жайында жазылған. Басылымның атап өтуінше, 5 наурыздан бастап Астанада тауарлар 5-10 пайыз ғана үстеме бағамен сатылатын және халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына дисконт қарастыратын 32 сауда павильоны жұмыс істей бастамақ. Сондай-ақ азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру жөнінде құрылған, штаб жұмысын жалғастыратын болады.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, О.Өксікбаев 2010 жылы комитет тарапынан жүргізілген бақылау шараларының нәтижелері туралы, сонымен қатар өткен жылғы республикалық бюджеттің орындалуына жасалған сараптаманың нәтижелері жайлы баяндаған. «Мемлекет басшысы қаржылық бақылауды жетілдіру, сонымен қатар жергілікті бюжеттің орындалуына сыртқы қаржылық бақылау қызметін жетілдіру және нығайту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді», - деген О.Өксікбаев журналистерге арналған брифинг барысында.