Қазақ технология және бизнес университеті мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушылары мен студенттері елордадағы Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне барып, ондағы тәрбиеленушілерге жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етті.

Қазақ технология және бизнес университеті мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа жылдық сыйлықтар тапсырды

Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік орталығында жаңа жылды көңілді қарсы алуға арнайы ұйымдастырылған мерекелік шарада Аяз Ата мен Ақшақар, сондай-ақ әдемі киінген көптеген халықтық ертегілердің кейіпкерлері қатысқан дәстүрлі жаңа жылдық қойылымдар көрсетілді. Балалар шыршаның алдында қол ұстасып, би билеп, өлең оқыды.

Жаңажылдық бағдарлама балалардың көңілін көтеріп, шаттыққа бөледі. Мерекелік іс-шара соңында балалар асыға күткен жаңа жылдық сыйлықтарында тапсырып алды. Қазақ технология және бизнес университеті атынан балаларға осы жоғары оқу орнының «Жеңіл өнеркәсіп технологиясы және дизайн» кафедрасының студенттері арнайы өз қолдарымен тіккен жаңа жылдық мерекелік балалар костюмдары, Аяз Ата мен Ақшақарға арналған киімдер және тәтті тағамдар үлестіріліп берілді. Университеттің өнерлі студенттерін бастап барған техника ғылымдарының кандидаты Ботагөз Нұрмұхамбетова және техника ғылымдарының кандидаты, доцент Раиса Джакпарова балаларға жаңа жылдық құттықтау сөздерін арнап, тілектерін білдірді.

Астана қаласының Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 210 бала күндізгі стационарға тіркелген. Балалармен психологтар, әлеуметтік педагогтар, логопедтер, дәрігерлер мен тәрбиешілер жұмыс жасайды. Олар сурет салуды, ермексазбен мүсін жасауды үйреніп, ән және би сабақтарына барады, үйде еңбек етуге дағдыланады. Интернаттың негізгі міндеті - мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғам өміріне қатыстыру үшін барлық жағдайларды жасау, осы ретте демеушілер мен қайырымдылық көрсетуші жандардың қолдау көрсетуі үлкен маңызға ие болды.

Бақытжол Кәкеш