"Қазақ телевизиясы» энциклопедиясының 1-2 томдары жарық көрді
Ол ТМД елдеріндегі алғашқы, ал АҚШ, Англия, Канада және Австралия елдерінің ғалымдары 1999 жылы шығарған "Телеэнциклопедиядан» кейінгі ең ірі анықтамалық болып отыр. Энциклопедияда отандық ғана емес, алыс‑жақын шетелдің телекомпаниялары мен әржылдарда телеэфирден өткен, көрерменге танымал бағдарламалары жайлы да кең түсінік берілген. Идея авторы және жоба жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық телевизия және радио академиясының (LATR) корреспондент‑мүшесі Құдайберген Тұрсын.
«1970‑1990 жылдары Қазақ КСР Мемтелерадиокомитетінің жүйесінде 7000-ға жуық адам түрлі салада қызмет атқарды. Олардың әрқайсысы өз ісінің кәсіби мамандары болатын. Бұл кітапты шығарудағы басты мақсат - Азаматтықтың үлгісін танытып, елдіктің туын ұстаған ағаларымыз бен апаларымыздың, әрі әріптестеріміздің ұлт рухын асқақтатқан айбынды әрі жауапты еңбектерінің алдында бас иіп, тағзым ету. Кітаптың алғашқы томы әліпбилік ретпен А‑дан Г‑ге дейін, екіншісі Г-ден К әрпіне дейінгі аралықты қамтиды», - дейді Қ. Тұрсын.