14:01, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Қазақ тілді электронды баспасөзді дамытуға баса назар аударамыз - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде қазақ тілді баспасөздің электронды нұсқасын мықтап қолға алу қажет. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.

«Қазіргі кезде біз барлық жаңалықтарды таңертең оқимыз. Түстен кейін оның барлығы маңызды емес болып қалуы мүмкін. Ал газет-журналдардың ертеңгі нөмірі шыққанша, біраз уақыттың кететіні белгілі. Әрине, газеттің алыстағы ауылға жетуі керек. Алайда көзіқарақты, креативті оқырман барлық жаңалықтарды ғаламтордан алып, оқи салады. Сондықтан қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары болашақта өздерінің интернет сайттарын мықтап қолға алулары қажет. Баспасөздің жұмысы тек таралыммен ғана емес, оның сайтына кірген адамдардың санымен де бағаланатын болады», - деп атап көрсетті М.Құл-Мұхаммед.