Қазақ тілі бүгінгі таңда ұлтымыздың басын біріктіретін негізгі факторға айналып отыр - М.Қаниұлы
Бұл жайында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Қаниұлы бүгін Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігінде өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
"Қазір жер бетінде БҰҰ-ның тіркеуі бойынша 192 мемлекет бар деп есептеледі. Осы 192 елде 116 тіл мемлекеттік тіл мәртебесіне ие екен. Жалпы жер шарында 2,5 мың мен 8 мыңның арасында тіл бар. Олардың 2,5 мыңы - тіл, қалғандары диалектілер деп саналады", дейді Басқарма бастығы.
Сондай-ақ ол ұлтымыз төл құндылықтарымыз бен төл дәстүріміз арқылы құнды екенімізді сезіне бастағандығын айтады.
Оның айтуынша, қазіргі біздің тіл мәселесін Ресей 2 ғасыр бұрын басынан кешкен және орыстар өз тілдерін ғылым тіліне айналдыра білген. Соның нәтижесінде басқа ұлттар орыс тілін үйренуге талпынған.
«Қазақта шешен деген сөз бар. Ол сөздің шығу төркіні мәселені шешу дегеннен шығады. Яғни қазақтың тілі 19-шы ғасырға дейін мәселені шешуге жарап келсе, қазақтың ең соңғы Досбол Бала би сынды шешендері 19-шы ғасырдың екінші жартысында өмір сүрді. 20-шы ғасырдың басында бірде-бір шешенді кездестірмейсің. Яғни қазақтың сөзі мәселені шешуден қалды, күн тәртібінен екінші кезекке ысырылды. Тек отбасы, ошақ қасында күнделікті тұрмыстық деңгейде қолданылатын тілге айналды», дейді М.Қаниұлы.
Ол қазіргі таңда қаладағы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының шығыс құжаттарының қазақ тілінде толтырылған салмағы 11 пайызды ғана көрсетіп отырғандығын айтып өтті. «Бұл әлі де болса энергетиканың, кәсіптің, техниканың тілдерінде мемлекеттік тіл дендеп ене алмай отырғандығын көрсетеді. Осыған орай Алматы қаласы әкімдігінің жанынан құрылған тіл-әдістемелік орталығында арнайы мамандар барлық салалар бойынша іс-құжат үлгілерінің электронды және қағаз нұсқаларын басып шығарды», дейді Мамай Қаниұлы.
Жақында Алматы қаласы бойынша көшеде ілінген жарнамаларға тексеру жұмыстары жүргізілген. Осыдан бір ай бұрын жүргізілген тексеріс кезінде 277 қате табылған. Сол қателерді түзетіп қайта тексеру жүргізгенде тағы да 287 қате шыққан екен. «Бұл қателіктерді жеке кәсіпкерлер жіберіп отырғандықтан біз оларға ескерту жасай алмаймыз. Тек барлық қателерді суретке түсіріп прокуратураға береміз», дейді ол.