Қазақ тілі қоғамды біріктіруші тіл болуы тиіс - дөңгелек үстел

АЛМАТЫ. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандағы тіл саясаты халықты біріктіруші фактор ретінде көрініс табуы тиіс.

Қазақ тілі қоғамды біріктіруші тіл болуы тиіс - дөңгелек үстел

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы тіл саясатының өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел барысында саясаттанушы Ерлан Саиров айтты.

Оның пайымдауынша, тіл мәселесі қоғамды бөлмеуі қажет. Еске сала кетейік, қазақ тілінің мемлекеттегі алар орны туралы қоғамда қызу пікірталастар туындап отырғаны белгілі. «Альтернатива» актуалды зерттеулер орталығы ұйымдастырған бүгінгі дөңгелек үстел де осы тақырыпқа арналды.

Жиынға қатысқан сарапшылардың бірқатарының пікірлерінше, қатаң тіл саясаты қоғамда кереғар пікір тудыруы мүмкін. Ал бірқатар сарапшылар қазақ тілін жоғары деңгейге көтеруді ылғи кейінге шегере беру қажет еместігін айтты. «Орыс тілі Кеңестік мемлекеттердің біркелкі қоғам ретінде қалыптасу тілі болды, қазақ тілі де мемлекеттік біркелкілікті қалыптастыратын тіл болуы тиіс, бұл мәселеге дәл қазір назар аударуымыз керек», -деді Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің бастығы Бақыт Қалымбет.

Жиын қорытындысы бойынша жасалған бірқатар ұсыныстар құзырлы органдардың назарына ұсынылатын болды.