Қазақ тілі мәселесін көтеруден жалықпауымыз керек - Н.Ерімбетов

«Бізде қазақ тілін меңгеру және оның қолданылу аясын кеңейту мәселелері тым саясиландырылған. Ол 20 жыл бойы көтеріліп келе жатса да мәселе шешімін таппай отыр. Жағдай табиғи үрдістер, яғни қазақтар санының көбеюі мен көші-қонның арқасында ғана сіресе қатқан орнынан қозғалып келеді. Менің ойымша, тіл мәселесінде сақтық пен дипломатия көп. Сондықтан, бұл тақырыпты көтеруден жалықпай оның кілтін табуға ұмтылу керек», - деді ол.
Н.Ерімбетовтың айтуынша, егер мемлекеттік тіл - қажеттілік тілі болмаса және ол өзінің функционалдық қызметін атқармаса, оның болашағы бұлыңғыр. «Қазір адамдар қалталарынан ақша шығарып тұрып, өзге тілдерді меңгеріп жатыр. Өйткені олар бұл тіл оған жаһандық әлемге жол ашып, мансаптық дәрежемен көтерілуіне септігін тигізетінін біледі», - дейді тіл жанашыры.
Сондай-ақ Н.Ерімбетов, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің жағдайын тілге тиек етіп, маңызды ақпараттарды қазақ тілінде бірінші болып ести алмаған оқырмандар мен көрермендер, оны басқа тілде іздеуге мәжбүр болып жатқандығын айтты.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік, тәуелсіз ғылыми-зерттеу және талдау құрылымдарының сарапшылары, мәдениеттанушылар, тіл зерттеушілері, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар қатысты.