Қазақ тілі татулық тіліне айналуы тиіс - ҚР Президенті

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Республикадағы 10 млн.-нан астам қазақ өз ана тілін толық игерсе байлықтың ең үлкені осы болар еді.

Қазақ тілі татулық тіліне айналуы тиіс - ҚР Президенті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» тақырыбымен өткен ХІХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

ҚР Президентінің атап өтуінше, қазақ халқы мен мемлекеттік тіл -дамып келе жатқан қазақстандық азаматтық қоғамды біріктіруші ядро ретінде ықпал ететін болады. Бұл үдеріс объективті түрде жүргізілуде. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының 70 пайызы қазақ тілінде жарық көреді. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқып жатқан оқушылардың саны 63 пайызды құрайды.

2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайызы қазақ тілін меңгеруіне қол жеткізу міндеті жүктелгенін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өзіміздің қандастарымыз оң үлес қосуы керектігін айтып келемін. Елімізде 10 млн.-нан астам қазақ болатын болса және олар түгел тілді игерсе,  байлықтың ең үлкені осы болар еді. Өзіміз, бәріміз игерсек, сөйлесек осындай орта пайда болатын болса, барлық мәселеміз шешіледі. Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуы тиіс», - дедіПрезидент.