Қазақ тілі туралы тағы төрт портал іске қосылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Tilalemi.kz» порталы және «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық электрондық базалар іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сілтеме жасай отырып.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу қажеттігі баса көрсетілген болатын. «Тіл әлемі» порталының «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық сайтының іске қосылуы интернет кеңістігіндегі тілдік контенттің көбеюіне, мемлекеттік тілді қашықтан үйренушілер қатарының өсуіне мүмкіндік жасайды»,-деп хабарлайды дереккөз.
Ақпаратқа сүйенсек, «Тіл әлемі» порталы тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтыған. Порталдың мазмұны қоғамдағы тілдік сұраныстарға орай 1) Тұғыр; 2) Ақпарат; 3) Әдіс; 4) Тіл райы; 5) Тарту; 6) Толғаныс; 7) Орта тақырыбындағы 7 блокқа топтастырылды.
«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады. Ал «Atau.kz» ономастикалық электрондық сайты «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-тәжірибелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады. «Құқықтық-нормативтік базада» салаға қатысты құқықтық негіздегі құжаттар топтастырылған. «Emle.kz» сайты қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды.
«Бұл жобалардың іске қосылуы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл үйретудің тиімді әдістерін таратуға қолайлы жағдай жасайды. Тұтынушылар тіл білімінің кез келген саласы бойынша туындаған сұрақтарына жауап ала алады»,-деп хабарланған министрліктің ақпаратында.