Қазақ тілін далада үйрендім - министр Скляр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жаңа қызметте Үкіметтегі алғашқы баяндамасын жасады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақ тілін далада үйрендім - министр Скляр

Жаңа министр өз баяндамасын толығымен мемлекеттік тілде жасап шықты. Р.Скляр көпбалалы отбасыларға жалдамалы баспана таратудың мерзімі туралы айтты. Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша 340 мың көпбалалы отбасы бар. Соның ішінде 28 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз жеті жылдың ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтерді салып отырамыз. Сөйтіп, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер тұрғызылады. Сол кезде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешіледі. Биыл мамыр айында біз көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерді беруді бастаймыз», - деді Р.Скляр.

Бұдан бөлек, «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 2-3 пайызбен ипотека беруді тапсырған болатын.

Бүгін министр Роман Скляр әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін ипотеканың шарттарын да атады.

«Аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 20 жылға жеңілдетілген несие енгізіледі. Жылдық мөлшерлемесі 2 процент болады. Аталған несие келесі санаттар - төрт және одан көп баласы бар отбасыларға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек баланы тәрбиелейтін отбасыларға және кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға беріледі. Екі жылда біз аталған санаттарға 22 мың жеңілдетілген займ беруді жоспарлап отырмыз», - деп атап көрсетті Р.Скляр.

Оның сөзіне қарағанда, бастапқы жарна 10 процент болады.

«Негізі, бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлек бағдарламасы болады. Жақын арада біз банк басшылығымен бірге бәрін жан-жақты түсіндіретін боламыз. Арнайы брошюраны да шығарамыз. Сол жерде бәрі жазылады», - деп атап көрсетті Р.Скляр.

Ал Үкімет отырысынан кейін журналистер одан қазақ тілін қалай және қай жерде жетік меңгергенін сұрады.

«Қазақ тілінде сөйлеген қиын емес. Осы жолы сәл-пәл ауырып қалдым. Дауысым дұрыс емес сияқты. Ұстазым жоқ. Қазақ тілін далада үйрендім», - дейді Р.Скляр.

Айта кетейік, өткен жылы маусым айында Роман Скляр ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болып тұрғанда Үкіметте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қазақ тілінде баяндама жасады.

Отырыстан кейін ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген вице-министр қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді.

«Мен алты жасымда ауылда тұрғанмын. Жарты жылдай ауылда болдым. Содан қалған болуы керек. Жеке репетиторым жоқ. Оған уақыт табу да қиын», - деді Р.Скляр.