Қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, БАҚ-тардағы үлесін арттыру мәселесі басты назарда болуы тиіс - Кәрім Мәсімов
АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тіл мәселесі тұрғысында табыстарымыз аз емес, бірақ әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер жеткілікті.
Бұл туралы бүгін Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста айтты.
«Тіл-еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі ең көп талқыланған мәселе. Елбасының үнемі қолдауының арқасында мемлекеттік тілді дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік»,- деді Үкімет басшысы.
К. Мәсімовтің сөзіне қарағанда, 18 жылдың ішінде қазақ мектептерінде оқитын балалардың саны 510 мыңға оқушыға артты. Осы тұрғыда ол тәуелсіздік жылдары барлық мемлекеттік органдардағы іс-қағаздар қазақ тіліне көшірілгенін, сондай-ақ БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлесі артқанын айтып өтті.
«Табыстарымыз аз емес, бірақ әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер жеткілікті. Бүгінгі талқылауға ұсынылған бағадарлама осы проблемаларды шешуге арналған. Меніңше, бағдарлама өте сапалы әрі жан-жақты жүйелі жасалған. Бағдарламаның ең жақсы жетістігі деп мемлекеттік тілді балабақша, орта мектеп және жоғары оқу орындарында үздіксіз оқыту мен барлық мақсатты аудиторияның қамтылуы деп айтуға болады»,-деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің пайымдауынша, бағдарламада қамтылған қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, оны бұқаралық ақпарат құралдарындағы үлесін арттыру мәселесі басты назарда болуы тиіс. «Мен мемлекеттік терминология комиссиясының мәртебесін көтеру, ономастика саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жөніндегі ұсыныстарды толық қолдаймын»,- деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысының пікірінше, орыс тілін қолдану аясын сақтау, ағылшын және басқа шетел тілдерін үйрену, сондай-ақ аз ұл өкілдеріне өз ана тілін оқып, үйренуге жағдай жасау өте орынды. «Бірнеше шетел тілдерін білу - бүгінгі заман талабы. Осыны өзіміз де ұмытпауымыз керек»,- деді Премьер-Министр.
К. Мәсімовтің айтуынша, ендігі мақсат осы бағдарламада көрсетілген барлық міндеттерді рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Ол үшін бағдарламаны орындаудың нақты жоспарын жасау қажет. Онда барлық шаралардың нақты мерзімі көрсетіліп, жауапты мемлекеттік органдарды белгілеу керек. Бағдарлама аясында жасалатын заң жобалары Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы, зиялы қауым өкілдері, мамандар мен тіл жанашырларының қатысуымен жасалуы тиіс.