Қазақ тілін латынға ауыстыру интернеттегі кеңістігін ұлғайтады - вице-министр Ғазиз Телебай

АНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақ тілін латынға ауыстыру оның интернеттегі пайдаланылу кеңістігін ұлғайтады.

Қазақ тілін латынға ауыстыру интернеттегі кеңістігін ұлғайтады - вице-министр Ғазиз Телебай

Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебай Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан «Мемлекеттік тілге - мемлекеттік қолдау» атты республикалық көрме барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Компьютерлік технологиялар бағдарламаларын әзірлеушілер  қазақ әрпін латынға ауыстыру оның әлемдік ақпараттық желідегі мүмкіндігін арттыра түседі деген пікірде. Дегенмен бұл орайда көптеген қиындықтар бар,  ол мәселелер біртіндеп шешілетін болады.

  «Мамандар мынадай істі қолға алып жатыр. Сөйлеп тұрған сөзіңіз бірден компьютерде әріп болып басылады. Бұл қазір тек ағылшын тілінде ғана қолданысқа енген. Құдай бұйыртса, бұндай технология қазақ тілінде де қолданыста болады. Біз осындай маңызды  жобаларды әрдайым қолдап отырамыз. Келесі жылға да министрлік тарапынан маңызды, болашағы зор жобаларға қаржы қарастырылып отыр», дейді вице-министр.