Қазақ тілін меңгерудің үлгілері мен инновациялық әдістері туралы ең үздік мақала авторына алтын құйма беріледі

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер арасындағы бұл шараны «Арнау» тіл мәдениетін дамыту орталығы Қазақстан Медиа Альянсының ақпараттық қолдауымен ұйымдастырып отыр. Жүлде қоры - 1 миллион теңге. Сайыстың жеңімпазы 50 грамм алтын құймасына ие болады. Дәстүрлі түрде өткізіп отыру жоспарланған байқаудың басты мақсаты - журналистер мен блогерлерді қазақ тілі мен оны меңгерудің нәтижелі әдістерін Қазақстан халқына түсіндіруге уәждеу.
«БАҚ тіл мен оны меңгеруге деген жағымды және сындарлы көзқарас қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін жетік білетін табысты қазақстандық азамат моделін алға бастыру керек», - дейді «Арнау» орталығының бас директоры Дана Жақыпова.
Оның айтуынша, сайыс «Баспасөздегі үздік мақала», «On-line БАҚ-тағы үздік мақала»,«Үздік блогжазба»,«Үздік видеосюжет»,«Үздік фоторепортаж» аталымдары бойынша өтеді. Бұдан бөлек, жүлде қоры Қазақстанның іскер тұлғалары атынан табысталатын атаулы сыйлықтармен толықтырылып отыр.
Байқауға қазақ және орыс тілдерінде 1 наурыз бен 1 қараша аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан жұмыстар қабылданады. Онда мына тақырыптар қамтылу керек - Қазақ тілін меңгерудегі жаңа қызықты әдістер. Қазақ тілін үйренудің табысты үлгісі. Әйгілі адамдар - қазақ тілін үйретуге зор үлесін қосқан оқытушылар, жаттықтырушылар. Табысты үлгілер - қазақ тілін жетік меңгеріп алған адамдар. Үздік тәжірибелер мен ноу-хау - қазақ тілін тек үйрену емес, сонымен бірге, тәжірибеде қолдану.
Үміткерлер жұмыстарын «Жұмыс_атауы» деген тақырыппен konkurs @ arnau . kz электронды мекенжайына жіберу керек. Байқау туралы толық мағлұматты - www.arnau.kz сайтынан білуге болады.