«Қазақ тілін үйренуге уақыт сұрады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтен хат келіп түскенін жазады. Өз есебінде А.Мырзахметов Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысынан хабардар еткен. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 90 млн. теңге көлемінде грант және шағын несие бөлу қарастырылғанын мәлімдейді. Жыл басынан бері 17 кәсіпкер 71 млн. теңге көлемінде грант алып, қазірдің өзінде өз жобаларын жүзеге асыруда, ал тағы 5 грант бойынша байқау комиссиясының шешімі шығарылып, тиісті құжаттар әзірленуде. Кестеге сәйкес, қаражат жыл соңына дейін толығымен игерілетін болады.
Бұған қоса, Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында құны 12 млн. теңге болатын 6 грант бөлініпті. Облыс әкімнің есебі бойынша, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жыл басынан бері құны 2,5 млрд. теңге болатын 1076 шағын несие берілген. Бұдан бөлек, «Максимум» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы құны 2,4 млрд. теңге болатын 1654 шағын несие қосымша бөлініпті. Осылайша бүгінде облыста жалпы құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын 2730 шағын несие берілген. А.Мырзахметов есебінің соңында кеңейтілген отырыс барысында алға қойылған басқа да міндеттер бойынша облыста арнайы іс-шаралар жоспары қабылданып, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны туралы хабарлаған. Бұл материал «Атап айтар істер бар» деген тақырыппен басылды.
Бас басылымда «Қырғызстан Кеден одағына қосылмақ» деген мақала берілген. Кеше Мәскеуде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Еуразия экономикалық комиссиясы Кеңесінің (ЕЭК) кезекті отырысы болып өтті. ЕЭК отырысында Кеден Одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, ЕЭК жұмысына Украина, Қырғызстан және Армениядан шақырылған өкілдер қатысты. ЕЭК Кеңес мүшелері Армения Республикасының Кеден Одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке (БЭК) қосылу мәселесі жөніндегі жұмыс тобының құрылуы туралы шешім қабылдады. Аталған жұмыс тобы Арменияның Кеден одағына және БЭК-ке қосылуы бойынша Жол картасын әзірлеуге кірісетін болады.
Бүгінгі отырыстың маңызды қорытындысы Қырғызстан Республикасының Кеден одағына қосылуы Жол картасының мақұлдануы болды. Аталған жұмыс 2011 жылғы қазанда басталғаны белгілі. Бақытжан Сағынтаев Жол картасының жобасын мемлекеттер басшыларының қарауына Мәскеуде өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы барысында талқыға салынуы жоспарлануда екенін атап өтті.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Үкіметтің кешегі отырысында бірнеше мәлімдеме жасалды. Атап айтқанда, Үкімет жетекшісі аймақ басшыларын келешегі жоқ ауылдарға бұдан былай бюджет қаржысы салынбайтындығын қатаң ескертті, ондай елді мекендердегі халық «өсім орталықтарына» көшірілуі керек. Бұған қоса Серік Ахметов әлдекімдердің жерлерді өз беттерімен басып алуы деректері бұдан былай «төтенше оқиға» ретінде бағаланатындығын мәлім етті. Демек жергілікті жердегі соған жол берген тұлғалар жауап бермек. Министрлер кабинетінің кешегі жиынында Елбасының ауыл шаруашылығы мақсатындағы және жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмасын, сондай-ақ «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралған болатын. Осы орайда есеп берген әкімдердің бірі өз аймағындағы жағдайға тоқтала келе шағын ауылдарға су құбырын тарту өзін-өзі ақтамайтын шара екендігін айтты.- Әлеуеті төмен елді мекендерге ешқандай бюджет қаржысы құйылмайтын болады, мұны есте ұстаңдар! - деп шарт түйді Үкімет басшысы С.Ахметов. - Әлеуметтік нысандар салуға да, инфрақұрылым құрылысына да бюджет қаражаты бөлінбейді. Бұл туралы Экономика, Өңірлік даму министрліктері жақсы біледі. Ал орта және жоғары әлеуетке ие елді мекендер ауызсумен қамтамасыз етілуге тиісті. Премьер сонымен бірге Қазақстандағы елді мекендер санын оңтайландыру бойынша жұмысты түпкілікті аяқтауды тапсырды. Бұл туралы мақала «Келешегі жоқ ауылдар жойылады» деген тақырыппен берілген.
Сонымен қатар осы басылымда «Қазақ тілін үйренуге уақыт сұрады» атты мақала оқырман назарына ұсынылып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік тілді білуді парыз санайды. Бірақ бір-екеуі болмаса, басқаларына парызды орындауға жастарының ұлғайып кеткені кедергі екен. Сондықтан олар қазақ тілін үйренуге уақыт сұрап отыр. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліске ассамблея атынан өткен қалаулылардың бірі «біраз уақыт беріңдер» деді. «Сонда ассамблеяның қазақ тілін бір-ақ айда үйрететін бағдарлама жасадық деп елден сүйінші сұрағаны қайда? Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы ресейлік лингвист Дмитрий Петровтың әдістемесі бойынша «Тіл дарын» атты бағдарлама жасалғанын айтып жар салған еді. Осы бағдарламаның көмегімен өз еліміздің азаматтары ғана емес, шетел елшіліктерінің қызметкерлері де мемлекеттік тілді үйреніп жатырмыз деп БАҚ-қа дүркін-дүркін сұхбат берген. Жарнамасы жер жарған сол бағдарлама Парламенттің «тілін сындыруға» қауқарсыз болғаны ма?»,- деп жазады мақала авторы.
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «5000 адамның өлімі неге ашылмай келеді?» деген мақала жарияланды. Елімізде қасақана кісі өлтіру қылмысын ашу өте төмен деңгейде. Ішкі істер органдарына тіркелген дерекке сәйкес, соңғы 20 жылда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 5311 адамның ажалына кімнің себепші екендігі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. «Бұған не себеп? Осыншама жұртты артынан із қалдырмайтын кәсіби киллерлер жер жастандырды ма, әлде жауапты органдардың жауапсыздығынан жағдай күрделеніп тұр ма? Егер бұлай жалғаса берсе қаскөйлер тапа-тал түсте адам өлтіріп, алаңсыз жүре беретін күнге де жетеді ғой... Бас прокуратура жариялаған мәліметке қарағанда шынында да сол заманға да келіп қалған сияқтымыз. Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде аталған мәселенің арнайы қаралуы да тегін емес»,-деп жазады басылым.