Қазақ тілінде «Даналар ізімен» атты 12 сериядан тұратын деректі-публицистикалық фильм түсірілді
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының» тікелей қолдауымен «Интисар» студиясы қазақ тілінде «Даналар ізімен» атты 12 сериядан тұратын деректі-публицистикалық фильм түсірді, деп хабарлады sunna.kz сайты.
Бұл фильм қазақ даласынан шыққан Хибатулла ат-Тарази, Кауам ат-дин әл-Иткани секілді ислам ғұламаларының, Әбубәкір Кердери, Бекет ата, Сұлтан Бейбарыс секілді ұлы ойшылдарымыз бен ел басқарған қайраткер бабаларымыздың өмірінің бізге беймәлім тұстарын қамтитын тың деректерден тұрады.
Деректі фильм Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қатысуымен түсірілді. «Даналар ізімен» фильмінің әр сериясының ұзақтығы 21 минутты құрайды. Фильм қасиетті Рамазан айында, нақтырақ айтқанда, 31 шілдеде 17:35-те «Қазақстан» ұлттық арнасында, ал 30 шілдеден бастап 20:30-да «Мәдениет» арнасы арқылы көрсетілетін болады.