Қазақ тілінде тәулік бойы хабар тарататын телеарна Қазақстанда сандық жүйе енгізілгенде жүзеге асуы мүмкін - Мәдениет министрі

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутаттар сауалына жауап берген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«24 сағат толық қазақ тілінде хабар тарататын үш телеарна туралы баспасөзде бірнеше мәрте жазылды. Дегенмен, мен өз басым ешқашан келесі жылы осындай үш телеарна ашылады, деп айтқан емеспін. Жалпы, бұндай телеарна Қазақстанда сандық телеарна жүйесіне көшу жүзеге асырылғанда ғана ашылуы мүмкін. Ал оның қай мерзімде, қашан ашылатынын уақыт көрсетеді. Бірақ, бұндай арналардың ашылатындығында еш күмән болмауы керек», деді М. Құл-Мұхаммед.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы республикалық желілікте 10 арнаны көрсетуге мүмкіндік бар болса, сандық арналар іске қосылғанда олардың әрқайсысының жиілігіне тағы 7-8 телеарна ашуға мүмкіндік туады. «Демек, сандық жүйе арқылы қазақстандық көрерменге 50-60 телеарнаны тамашалауға дейін мүмкіндік болады. Қазір осы бағыттағы тұжырымдама жасалу үстінде. Бұл тұжырымдама әзір болғаннан соң оны Үкімет бекітеді. Содан кейін барып, тәжірибе жүзінде екі-үш өңірде 2010 жылдың екінші жартысынан немесе 2011 жылы көшіруді жоспарлап отырмыз», деді министр. Оның айтуынша, сандық телеарнаға көшу 1-2 жыл емес, 4-5 жылдың мерзімінде жүзеге асатын үдеріс.