Қазақ тіліндегі 2 мыңнан астам салалық термин түрліше қолданылып жүр - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тіліндегі 2 мыңнан астам салалық терминдер түрліше қолданылып жүр. Бұл туралы «Медициналық терминдерді біріздендірудің нормативтік-лингвистикалық негіздері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында «Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Асқарбек Құсайынов хабарлады.
«Бүгін терминология саласындағы өзекті мәселелер талқылануда. Біріздендіру - салалық терминдерді қалыптастыруда күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағынан соңғы үш жылда өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің тапсырысы бойынша Педагогикалық ғылымдар академиясы 30 томдық салалық терминологиялық сөздіктер сериясын дайындады. Терминдерді біріздендіру туралы мәселе қозғалғанда, олардың бірі, мысалы, медицина термині химияда, биологияда, экологияда ұшырасатынын ескеруіміз қажет. Оның мағынасы барлық осы салаларда бірдей болуы тиіс. Біз әр салада әр түрлі қолданылатын 2 мыңнан астам терминді таптық. Кеңесе келе, біз бұл мәселені тиісті сала мамандарымен бірге талқылау қажет деп шештік», - деді А. Құсайынов. Сондай-ақ ол қазірде мақұлданған терминдерді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Терминологиялық қор құрылды. Негіз бар. 250 мыңнан астам термин мақұлданды. Қазір оларды бекіту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Себебі біз жаңылыспау үшін әртүрліліктен арылуымыз қажет», - деп сөзін түйіндеді А. Құсайынов. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айтылған басты міндеттердің бірі терминологиялық лексиканы біріздендіру және қазақ тіліндегі терминдердің реттелген қорын құру болып табылады.