Қазақ тіліндегі алғашқы ESET NOD32 антивирусы сатылымға шығарылды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 20-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Антивирусты бағдарламалық қамсыздандыру және компьютерлік қауіпсіздік саласындағы шешімдерді әзірлеуші халықаралық ESET компаниясы қазақ тіліндегі ESET NOD32 антивирусын сатылымға шығарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі күні Қазақстан нарығы ESET бизнесі үшін аса жоғары басымдыққа ие болуда. Ана тіліміздегі антивирустық өнімдердің қолжетімділігі - бұқаралық қолданушылар арасында өнімнің табысқа ие болуының кепілі. Бүгінгі күні ESET NOD32 шешімдері осы салада қазақ тіліндегі жергіліктендірілген жалғыз антивирустық шешім болып отыр.
«2009 жылы өнімдерді жергіліктендіру бойынша жұмыс басталып, Алматы қаласындағы ESET аймақтық кеңсесінің қызметкерлерімен тығыз байланыс негізінде жүргізілді. Қазіргі таңда ESET NOD32 корпоративті нұсқасы мен үйде қолданушыларға арналған өнімдер қазақ тілінде шығып отыр. ESET шешімдерінің қазақ тіліндегі сатылымы «1С», MONT, RRC ресми дистрибьюторлары арқылы электронды лицензиялар мен қораптағы нұсқалар түрінде жүзеге асырылмақ», дейді ESET-тің Қазақстандағы аймақтық кеңсесін басқарушы Жәнібек Шұтбаев.
Сондай-ақ ол шешімдерді қазақ тіліне жергіліктендіру ESET-тің аймақтағы орнын бекітуді көздейтінін жеткізді. «Бүгінгі күні ESET-тің Қазақстандағы тұтынушылары ірі мемлекеттік және коммерциялық ұйымдар болып табылады, соның ішінде «Қазпошта» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Хоум Кредит Банк» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» бар. Осындай мемлекеттік тілді қолдайтын ұйымдар Қазақстандағы антивирус нарығында ESET NOD32 шешімдерінің үлесін едәуір арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», дейді Ж. Шұтбаев.