Қазақ тілінен «Жарқын болашақ» олимпиадасына БҚО-дан қатысатындар белгілі болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жарқын болашақ» ІХ республикалық қазақ тілі олимпиадасы облыстық кезеңінің жеңімпаздары белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Сәкен Талдахметовтің айтуынша, «Білім - инновация» халықаралық қоғамдық қоры мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейту мақсатында 7-11 сынып оқушылары арасында аталмыш байқауды ұйымдастырып келеді. Мұндағы мақсат - қазақша сөйлеумен бірге мемлекеттік тілде ән салып, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыстар қорғау, туған өлкесін таныту бағытында ерекше көзге түскен жеткіншектерге қолдау көрсету. Елдің жарқын болашағы да осындай жастардың қолында. Облыстық кезеңге 130-ға жуық оқушы қатысып, бақ сынады, бұл өткен жылғыдан әлдеқайда көп. 2016 жылы республикалық кезеңге БҚО-дан барған тоғыз шәкірттің жетеуі жүлдегер атанып, біреуі Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын иеленген болатын.
Сайыс қорытындысында әр бағыт бойынша қазақ және өзге ұлт өкілдері арасынан бір-бір жеңімпаздан анықталды. Осылайша, «Тілші-әдебиетшілер» аталымы бойынша Оралдағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің шәкірті Дана Ерғалиқызы, Ақжайық ауданы Краснояр мектебінен келген Альбина Серазитдинова, «Әнші бұлбұлдар» бойынша Оралдағы №20 мектептен Мөлдір Маратова, жаңақалалық Негметолла Ешкаев, «Жазушылардан» дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінен Алина Алпысбаева мен №35 мектеп-лицейінен Адель Мустафина, «Сөз шеберлерінен» Жәнібек ауданы Х.Халиуллин атындағы мектептен Төрехан Нәсиев, Қазталов ауданы Ғ.Молдашев атындағы мектептен Райгүл Ғайсина, «Жас ғалымдардан» Жаңақала орта мектебінен Шұғыла Саматова мен қазақ-түрік лицейінің шәкірті Адам Петри үздік шықты. Жеңімпаздар енді республикалық олимпиадаға қатысады.
«Жарқын болашақ» лауреаттарына белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева ақ тілегін айтып, батасын берді.
Айта кетейік, республикалық олимпиада сәуір айының алғашқы онкүндігінде Астана қаласында өтеді.