Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді — Рауан Кенжеханұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ тілі кеңейді, енді сапасына мән беру керек. Мұндай пікірді BIZDIÑ ORTA подкастында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы білдірді.

Рауан Кенжеханұлы
Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

— Менің ойымша, ең бастысы — тілдің қолданыс аясы қалай болғанда да кеңейіп келеді. Әсіресе үлкен мәдениетте, көпшілік мәдениетінде, соның ішінде ән мен күйде, жастар мәдениетінде қазақ тілінің үлесі айтарлықтай артты. Киноның да саны көбейді. Қазір Қазақстан кинотеатрларында көрсетіліп жатқан фильмдердің жартысынан астамы — өзімізде түсірілген қазақ тіліндегі фильмдер. Қазақстанда тыңдалатын әндер мен шығарылатын поп-музыканың негізгі бөлігі де қазақ тілінде жасалып жатыр. Әрине, талғам әртүрлі. Көпшілік әннің мәтініне, сөз қолданысына, кинодағы тілдің шұбарлығына қатысты пікір білдіріп жатады. Бұл — табиғи құбылыс. Мұндай жағдай кез келген тілде кездеседі. Тіпті, ағылшын тілінде де лингвистер мен филологтер әндердің мәтіні, сөз қолданысы мен мазмұны тиісті деңгейде емес екенін айтып жатады, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның атап өтуінше, мұндай жайт көршілес орыс тіліне де тән. Орыс тілінің тазалығын, жүйелілігі мен бірізділігін талап ететін орта қазіргі әндердегі, рэптегі немесе кинодағы жаргондарға, белгілі бір субмәдениеттердегі тіл қолданысына қатысты алаңдаушылық білдіріп жатады.

— Студент кезімде, тіпті мектепте оқып жүргенде, керісінше, осындай мүмкіндіктердің болмағанына қынжылатынмын. Ол кезде қазақ тіліндегі кино өте аз еді. Кинотеатрларда қазақша фильмдер көрсетілмейтін. Жастар арасында қазақша ән тыңдау қазіргі кездегідей тренд емес еді. Қазақ тіліндегі әндерді көбіне ата-анамыз бен олардан үлкен буын тыңдайтын. Олар негізінен дәстүрлі әндер болатын. Ал жастар арасында, әсіресе поп-мәдениетте, жаңа шығып жатқан, трендке айналған қазақша әндердің тыңдалымы өте төмен еді. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Жарнамада да қазақ тілі өте сирек қолданылатын. Теледидардан немесе көшедегі билбордтардан қазақша жарнаманы, роликтерді кездестіре бермейтінбіз. Сол кезде «Біз қай елде жүрміз? Неге қазақша жарнама жоқ?» деп қынжылатынбыз, — деді ол.

Қоғам президенті сапаны жақсарту, талғамға сай болуға ұмтылу — ешқашан аяқталмайтын үдеріс. Кез келген тілде жасалып жатқан мазмұнды, әнді немесе фильмді жұрттың бәрі бірдей керемет деп бағалап, түгел қолдайды деу мүмкін емес.

— Оның үстіне, бәрінің бірдей ризашылығына ұмтылудың да қажеті жоқ. Өйткені кез келген дүниеге адамдар әртүрлі көзқараспен қарайды. Мысалы, қазір сіз бен маған бір сөйлемді қазақшаға аударуды тапсырса, екеуміз де тілдің айналасында жүрген адам болсақ та, оны екі түрлі аударуымыз мүмкін. Өйткені тілдің байлығы, әуезі, сөздердің үйлесімі мен қолданыс реті бар. Бұл — жеке талғамға қатысты мәселе, қазіргі тілмен айтқанда, креативті әлемнің ерекшелігі, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Осыған дейін Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін дамытудың үш бағытын атады.