Қазақ-түрікмен шекарасында кен орындарын бірлесіп игеру мәселесі қаралды - Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедов екіжақты келіссөздердің нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Президенті екі ел арасында көлік инфрақұрылымы, энергетика сияқты ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары жайында айта келе: "Біз "Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай" газ құбыры бойынша тығыз жұмыс жасап келеміз. Осы саладағы ынтымақтастықты ары қарай нығайту мақсатында трансшекаралық кен орындарын бірлесіп игеру мәселесі де қаралды. Қазақстан мен Түрікменстан ғарыш саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Келіссөздер кезінде талқыға салынған маңызды мәселелердің бірі - су-энергетика саласындағы проблема. Осы орайда Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыру жайы сөз болды. Біз барлық көршілерімізді осы саладағы проблемаларды шешу кезінде ортақ мүддені ескеруге үндейміз. Осы өзен-суларды пайдаланғанда миллиондаған xалықтардың тағдырын ұмытпау қажет", - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорына Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедовтің төрағалық етіп жатқанын тағы бір мәрте еске салып, Ашxабадта үлкен кездесудің өтетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедов Астанада келіссөздер кезінде барлық мәселелердің қамтылғанын жеткізіп, Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанымы ортақ екенін мәлімдеді. "Біз ортақ мәселелерді де қарастырдық. Соның ішінде Каспий теңізі де бар. Каспий - бәрімізге ортақ байлығымыз. Сондықтан теңіздің экологиялық мәселелеріне, биоалуандылықты сақтау проблемасына баса назар аударған жөн. Ал Аралды сақтау қоры бойынша біз арнайы тұжырымдаманы бекіттік. Сол құжатқа сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Аралдың экологиясын да назардан тыс қалдырмау қажет", - деп атап көрсетті Бердімұxамедов.