Қазақ-түрікмен көлік-транзит байланысы: СІМ басты жобаларды атады
АСТАНА. Kazinform – Екі елдің көліктік-транзиттік байланысын белсенді түрде тереңдетуге ерекше мән береміз. Бұл туралы Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен өткен келіссөзден кейін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.

— Түрікмен капиталының қатысуымен Қазақстанда 100-ге жуық компания қызмет етеді. Қарым-қатынастарымыздың тағы бір мықты діңгегі — транзиттік-көліктің байланысын белсенді түрде тереңдетуге ерекше мән береміз. Бұл салада стратегиялық серіктестіктің орнағанын ризашылықпен атап өтуге болады. Екі ел арқылы Азия-Еуропа, Азия-Таяу Шығыс ішкі нарықтарын қосатын маршруттарды дамыту мемлекеттеріміздің халықаралық қауымдастықтағы рөлін нығайта түсетіні сөзсіз, - деді Мұрат Нұртілеу.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта мән берілетін басты жобаларды атап өтті.
— Осы тұста Қазақстан, Түрікменстан, Иран теміржолдарының артықшылықтарын тиімді пайдалану стратегиялық мәні зор қадамдардың бірі болмақ. Бүгінгі таңда әлеуеті өсіп келе жатқан Қытай-Қазақстан -Түрікменстан-Иран теміржол магистралін дамыту да өзара тиімді және халықаралық саудаға жаңа дем беретін аса маңызды ортақ жоба. Солтүстік-оңтүстік дәлізі аясында Қазақстан-Түрікменстан және Ресей теміржол ұйымдардың үшжақты өзара іс-қимылын кеңейту мүдделеріміз тоғысып отырған тағы бір трансконтинентальдық бастама. Осы аспектілердің барлығын көлік-транзит және логистика жөніндегі жұмыс тобының биыл өтетін кезекті отырысында жан-жақты қарастырмақпыз. Шекара маңындағы автомобиль жолдарын түйістіру және өткізу пункттерін жаңғырту бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіруге сөз байластық. Елдеріміз көптеген жыл бойы Түрікмен газын Қытай нарығына тасымалдауға сенімді әріптес ретінде бірге жұмыс істеп келе жатыр. Газ саласында қол жеткізген нәтижелермен тоқталып қалмай, алдағы жылдары ауқымды жаңа жобаларды жүзеге асыруға біз дайындығымызды тағы да қуаттап отырмыз, - деп түйді сөзін СІМ басшысы.
Қазақстан Түрікменстанға экспорт көлемін 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын.
Сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация қабылдаған еді.
Қазақстан мен Түрікменстан арасында тауар айналымы 1 млрд долларға дейін артпақ.