Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты түсінік берді

2020 жылы ҚазҰАЗУ-да мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын жымқыру фактілері жасалған. Бұл туралы ЖОО-ның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

түсінік берді
Фото: ашық дереккөз

«2020 жылы университет пен «Ai-Tall» ЖШС арасында (5,8 млн теңге сомасына «амиак селитрасын» сатып алу бойынша), «КемалханСтройЭлит» ЖШС-мен (15,8 млн теңге сомасына «аммофос» сатып алу және жеткізу бойынша) және «ҚазТрайдСнаб» ЖШС-мен (22 млн теңге сомасына «қант жүгерісі» тұқымын сатып алу және жеткізу бойынша) келісімшарт жасалған. Жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша тұқым себу және себу орындарын өңдеуді растау актісін жалған жасау фактілері анықталды. «ДарМирАудит» ЖШС жүргізген қорытындыға сәйкес университет мемлекетке 43,8 млн теңге көлемінде залал келтірді», - делінеді хабарламада.

Сондай-ақ ЖОО-да табыс табу мақсатында жеке кәсіпкерлерге жалға берілген бірқатар тұрғын емес коммерциялық үй-жай (дүкендер, асханалар және т.б.) болған.

«Мәселен, 2012-2022 жылдар аралығында Дана ЖК коммерциялық үй-жайларды (дүкен үшін) тұрақты түрде жалға алған, бұл ретте ай сайынғы жалдау ақысы университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақшамен және мобильді аударымдармен беріліп отырған, алайда, ол университеттің есеп шотына түспеген. Бұл фактілер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы және ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша СДТБР-інде тіркелген», - деп хабарлады ЖОО-ның баспасөз қызметі.

Университеттің жаңа басшылығы 2023 жылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде ЖОО жатақханалары мен оқу аудиторияларын қайтару бойынша қажетті шараларды қабылдаған.

«ҚазҰАЗУ басшылығы университет қызметін ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес қалпына келтіру бойынша барлық шараны ары қарай жүргізеді», - деп хабарлады ҚазҰАЗУ-дың баспасөз қызметі. 

Еске салайық, Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтаған еді.