Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде студенттердің XV ғылыми конференциясы өтті

АТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Алматыда ҚазҰАУ-да студенттердің XV ғылыми конференциясы өтті.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде студенттердің XV ғылыми конференциясы өтті

Бұл толық басқосуда ауыл шаруашылығына қатысты көптеген мәселелер таразы талқысына түсті. Құс пен күріш өсіру және ауыл төңірегінде көкейкесті жайлар тілге тиек етілді. Конференцияға жалпы 465 баяндама дайындалған. Оның ішінде 10 баяндама ағылшын тілінде.

«Бүгінгі конференциямыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып отыр. Сондай-ақ, конференция ерекше саяси жағдайлардың бірі - алда келе жатқан сайлау науқаны қарсаңында өтуі болып отыр. Осы күні Елбасы қолдауының арқасында білімге ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған дәлел арнайы бағдарламалар мен Жолдау. Ал, осы жасалып отырған қолдауды біз орынды пайдалана білуіміз керек. Оқытушы құрамы халықаралық үлгіге сай болуы тиіс. Осы бағытта да көптеген істер атқарылып жатыр. Ал, студенттерді ғылымға тартуымыз керек. Біздің өрісіміз соған сай кең болу керек. Жалпы, білім мен ғылым ұштасуы тиіс. Әр студент ғылыммен айналысса еліміз үшін бұл үлкен жетістік болар еді» - деді ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов.

Секциялық жұмыстың «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылым» саласы бойынша 1 курс студенттері белгілі тұлғалар Әл-Фараби, Абай, Дінмұхаммед Қонаев, Олжас Сүлейменов еңбектерімен қалай байланыстырылғаны сараптау сатысынан өтті. Барлық факультет студенттерінің ғылым саласына қаншалықты қабілетті екендігі де назардан тыс қалмады.

Ал, 18 наурыз күні пленарлық басқосудың қорытындысы болады. Өте жақсы баяндамалар ақшалай сыйлықтармен және басқа да марапаттармен мадақталады. Ал, үздік деген баяндамалар жарыққа шығарылады. Қорыта айтқанда, конференция студенттердің ғылым саласындағы қабілеттерін көрсетеді.