Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 63 студентіне білім гранттары табыс етілді
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 63 студенті мемлекеттік білім гранттарына ие болды. Бүгін университетте білім гранттары салтанатты түрде табыс етілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚазҰАУ-дың бірінші проректоры Гүлнар Шабдарбаеваның айтуынша, гранттар ең үздік студенттерге берілген. Студенттерді құттықтаған оның айтуынша, гранттар ҚР Үкіметінің ақпанның 17-сіндегі «Жоғары оқу орындарында оқитындардың кейбір бөлігін қолдау шаралары» туралы қаулысының негізінде берілген.
Шара барысында 54 қосымша және 9 бос орындар гранты табыс етілді. Қосымша гранттар су ресурстары, ветаринарлық медицина, жерге орналастыру, «агроинженерия», кадастр, ветаринарлық санитария мамандықтары бойынша берілді.
ҚазҰАУ проректорының айтуынша, қосымша білім гранттарына ие болғандар 10 781 теңге көлемінде айлық стипендия мен жазғы, қысқы демалыс кезінде теміржол және автокөлік жолақысы үшін 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақымен қамтамасыз етіледі.