17:02, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Электрондық жатақханасы» жұмыс істей бастады
АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Электрондық жатақхана» жобасы жұмыс істей бастады.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл жоба бүгін Алматыда арнайы ұйымдастырылған «Жатақхана қызметін электрондық басқару» атты дөңгелек үстел мәжілісінде таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұндай идея университеттегі қызметкерлердің кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Бекбосыновтың бастамасымен былтырдан бастап қолға алынды. «Электрондық жатақхана» оқу орнының жұмысын реттеуге, оны оңтайландыруға септігін тигізеді. Яғни, жатақханаға қатысты мәселелерді, онда тұрып жатқан студенттердің түрлі түйткілдерін электрондық тұрғыда басқаруға мүмкіндік туып отыр. Әсіресе, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің тиімді жолы ретінде пайдалануға болады. Мысалы, жатақхана басшылығы кейбір бос бөлмелерді құжатқа «қойма», «жуынатын орын» деп тіркетіп, іс жүзінде сол бөлмелерге бөтен адамдарды түнету арқылы пайда табуы мүмкін. «Электрондық жатақхана» бұндай жағдайларға жол бермесі анық», - дейді университеттің Мәдени тәрбие және баспа ісі институтының директоры Ләззат Дүйсенбекова.Оның бір ерекшелігі, жатақханаға байланысты барлық мағлұматтың бір жерге, оқу орнының ішкі интернет желісіне жинақталатындығында болып отыр. Осы арқылы университеттің жауапты қызметкерлері бақылау, басқару, мәлімет алу секілді көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Сондай-ақ кез-келген мәселе бойынша есеп жүргізу, нәтижесін бір жерден көре алу, т.б. артықшылықтары да бар.